Accessibility links

Түрмеден шығып, "Вагнер" жекеменшік әскери тобына қосылған жалдамалылар Росгвардияға алынады


Росгвардия "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясындағы бұрын сотталған жалдамалыларды қызметке тарта бастады. Бұл жөнінде жалдамалылардың туыстарымен сөйлескен "Важные истории" хабарлады.

Басылым мәліметіне қарағанда, мемлекеттік қызметке тек жеңіл және орташа ауыр қылмыспен сотталғандар ғана алынады. Оларға жетекшілік лауазым берілмейді.

Былтыр жазда Ресей әскері Украина жерінде шегінуге мәжбүр болған соң жекеменшік "Вагнер" әскери компаниясы мен оның негізін қалаушы, Владимир Путиннің айналасында жүрген бизнесмен Евгений Пригожиннің өзі Ресей түрмелерін аралап, сотталғандарды қатарына тартқан.

Украинадағы соғысқа қатысуға келісім берген сотталғандар алғы шепте жарты жыл жүруге міндеттенген. Оларға тұтқынға түсуге және шегінуге тыйым салынған. Тірі қалғандарға бостандық беретін болған. Осылайша "Вагнерге" 50 мыңнан 70 мыңға дейін адам жиналған. Пригожин таратқан мәліметке қарағанда, 32 мыңы ұрысқа қатысып, рақымшылық алған.

Биыл жазда Пригожин бастаған "Вагнер" тобы Ресей қорғаныс министрлігіне наразылық білдіріп Мәскеуге аттанып, 200 шақырым жетпей тоқтаған. Осы оқиғадан соң Владимир Путин "Вагнерді" 100 пайыз мемлекет қаржыландырғанын мойындаған. Бүлік шығарған Пригожиннің ұшағы бірер айдан соң әуеде жарылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG