Шешенстан президенті Рамзан Қадыровтың ұшағы қыркүйектің басынан бері Мәскеуге үш рет ұшқан, ал Қадыровтың өзі кейінгі үш күнде Ресей астанасында жүргенге ұқсайды. Мұны әуе қозғалысын бақылайтын сервистердің біріне сүйеніп, "Вёрстка" басылымы жазды.
Сервистің мәліметіне қарағанда, нөмірі RA-73417 бизнес-джет 6-9 қыркүйекте Мәскеуге қонған. Соңғы рет 15 қыркүйекте Грозныйдан Мәскеуге ұшып, Шешенстанға оралмаған.
"Вёрстканың" Шешенстан президентіне назар аударуына кейінгі кездері "Рамзан Қадыровтың денсаулығы күрт нашарлап, Ресей президенті іс басқармасының ауруханасында емделіп жүр" деген лақап түрткі болған. Өткен аптада шешен оппозициялық арналары "Рамзан Қадыров комада жатыр" дейтін ақпарат таратқан. Жексенбіде шешен оппозиционері және құқық қорғаушы Абубакар Янгулбаев "Қадыров өлді" деп те жазған.
Жексенбіде Қадыровтың телеграм-арнасы шешен президенті көрінетін видео жариялаған. Аллеяда кетіп бара жатқан Қадыров "интернетте шындық пен өтірікті ажырата алмайтындар таза ауада серуендеп, ойын реттеп алғаны жөн" деген кеңес берген. Өзінің денсаулығы туралы ештеңе айтпаған. Видео Грозныйда түсірілген, бірақ оның қашан түсірілгені беймәлім. Қадыров жауын астында серуендеп жүр, ал жексенбіде Мәскеуде жауын жаумаған.
Ресейдің құқық қорғау органдарымен байланысы болуы мүмкін ВЧК-ОГПУ телеграм арнасы 17 қыркүйекте Орталық клиникалық ауруханаға Шешенстан нөмірін таққан автомобильдер кіргенін, оларды аурухана аумағына тексерместен өткізгенін жазған. "Бір сағат ішінде ауруханаға шешендердің екі күзеті бар "Майбах", "Порш Кайен", төрт "Гелендваген" және екі "БМВ-сы" келді, - деп жазады бұл арна. Бұл ақпаратты растайтын өзге айғақ жоқ.
- Биыл жыл басынан бері 46 жастағы Рамзан Қадыровтың қатты науқастанып жүргені туралы БАҚ бетінде қауесет жиілеген. Кей журналистер Рамзан Қадыровтың беті ісініп тұрғанына назар аударып, онкологиялық дерттен емделудің салдары болуы мүмкін деген жорамал айтқан. Қадыров бұл қауесетті бірнеше рет жоққа шығарған.
- Шешенстан басшысы Ресейдің Украинаға басқыншылығын белсенді қолдаушылардың бірі. Ол Ресей қорғаныс министрлігін бірнеше рет ашық сынап та тастаған. Маусым айында бүлік шығарып, екі айдан соң белгісіз себеппен ұшағы жарылып өлген "Вагнердің" жетекшісі Евгений Пригожинді қолдап жүрген.
ПІКІРЛЕР