Accessibility links

HRW: Байден Орталық Азия басшыларымен кездесуде адам құқықтарын басты орынға қоюы қажет


АҚШ президенті Джо Байден
АҚШ президенті Джо Байден

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы АҚШ президенті Джо Байденді Орталық Азия басшыларымен кездесуде кезінде адам құқықтары мәселесін басты орынға қоюға шақырды. АҚШ пен Орталық Азия басшыларының алғашқы саммиті қыркүйектің 19-ына БҰҰ Бас ассамблеясының отырысы аясында өтеді.

"АҚШ пен Еуроодақ Ресейдің Украинадағы соғысына байланысты Орталық Азиямен қарым-қатынасты күшейтуге ұмтылып жатқандықтан, заң үстемдігінің негізгі стандарттары мен адам құқықтары бойынша кепілдіктер талап етуі керек. Байден саяси қудалау, сөз бостандығын тұншықтыру, полиция қатыгездігі мен азаптау үшін жауапқа тартпауға тоқтам салатын нақты қадамдарды талап етуі қажет", − дейді Human Rights Watch ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша адвокация директоры Искра Кирова.

Ұйым өз мәлімдемесінде Орталық Азияның әрбір елінде адам құқықтары қалай бұзылып жатқанына тоқталған.

Human Rights Watch Қазақстанда 2022 жылдың қаңтарында болған Қанды Қаңтар оқиғасы кезінде адам құқықтары өрескел бұзылғанын, наразылыққа шыққандарға негізсіз қару қолданылып, негізсіз қамауға алынғанын және азапталғанын салады. Қазақстан билігінің мәліметінше, оқиға кезінде кемі 238 адам қаза тапқан. Қаңтар оқиғасында өлгендерге байланысты істердің басым бөлігі тоқтап қалған.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан үкіметін Қаңтар оқиғасына тәуелсіз зерттеу жүргізуге бірнеше мәрте шақырған.

"Қазақстан үкіметі адам өлімі мен басқа да адам құқықтарын бұзған оқиғаларды толық зерттеп, жауаптыларды жазаға тартпады. АҚШ [Қаңтар оқиғасы бойынша] тәуелсіз тергеу жүргізу мен адам құқықтарын өрескел бұзылғаны үшін есеп беруді талап етуі керек, Қазақстанға Қанды Қаңтардың ұмыттыруға жол бермеуі қажет", − делінген Human Rights Watch ұйымының мәлімдемесінде.

Ұйым Қырғызстан ақпарат құралдары мен азаматтық қоғамның еркіндігін шектейтін заң қабылдағанына назар аударады. Қырғызстан Ресей ізімен "ЛГБТ насихатына тыйым салатын" заң қабылдап, "Жалған ақпараттан қорғау туралы" заң жобасына өзгеріс енгізді. Бұл екі заң да Қырғызстан билігіне ақпарат құралдарының контентін бақылап, бұғаттауға мүмкіндік береді. Ал үкіметтік емес ұйымдар мен ақпарат құралдары туралы заң жобалары азаматтық қоғамның қаржы көздерін табу мүмкіндігіне теріс әсер етіп, тәуелсіз БАҚ-тың жабылуына әкелуі ықтимал.

Құқық қорғау ұйымы Тәжікстан адам құқықтары мен негізгі еркіндіктерін шектеуді күшейтті дейді. 2021-2022 жылдары Тәжікстан билігі Таулы Бадахшан автоном облысында бейбіт жиындарды күштеп басты. 2022 жылдың мамырында Таулы Бадахшан автоном облысында наразылық акциялары болды. Бірнеше күннен кейін күш органдары жолды жапқан адамдарды "деструктивті күштер" деп атап, "антитеррор операциясын" жүргізді. Ресми биліктің дерегінше, 8 адам өлген, 11 адам жараланып, 220 адам ұсталған.

Түркіменстанда 2022 жылы билік әкеден балаға өтті, Сердар Бердімұхамедовтің билікке келгені адам құқықтары ахуалын өзгертпеді. Түркіменстан әлемдегі ең жабық және репрессивті ел болып қалып отыр.

Human Rights Watch Өзбекстан президенті Шавхат Мирзияевтің саяси өзгерістер жасау жайлы уәдесіне қарамастан, билік бұдан былай саяси реформаларды мақсат етпейді дейді. "Мирзияевтің бәсекесіз сайлауда қайта сайлануы және оған 14 жыл билікте отыруға мүмкіндік беретін конституцияға өзгерістер – соның дәлелі" деп жазған.

Өзбекстанда саяси реформалар тежеліп, блогерлер мен журналистерді қудалау күшейген. 2022 жылы жазда Қарақалпақстан автоном республикасындағы жаппай наразылықты Өзбекстан билігі қатыгездікпен басқан, кемі 21 адам қаза тауып, жүздеген адам жараланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG