Accessibility links

Апелляциялық сот оралдық белсенді Аслан Өтеповтің үкімін өзгертпеді


Белсенді әрі заңгер Аслан Өтепов сот залында тұр. Орал, 19 қыркүйек, 2023 жыл.
Белсенді әрі заңгер Аслан Өтепов сот залында тұр. Орал, 19 қыркүйек, 2023 жыл.

19 қыркүйекте Батыс Қазақстан облыстық сотының апелляция алқасы жеті жылға сотталған белсенді әрі заңгер Аслан Өтеповтің шағымы бойынша шешімін жария етті. Судьялар Өтеповке бірінші сатыдағы сот шығарған үкімді күшіндез қалдырды.

– Жәбірленушілер мен Өтеповтің арасында ақылы негізде қызмет көрсету туралы шарттарға қол қойылмаған. Мұндай жағдайда бірінші сатыдағы сот шешімі бойынша, Өтепов сенімді теріс пайдаланып және алдап, Байсариевадан 800 мың теңге, Павловтан екі миллион теңге қаражат алған деген тұжырым дұрыс болып саналады, – деді судья Азат Ізбасаров шешім жарияланған соң.

Аслан Өтепов апелляциялық сот шешіміне келіспейтінін және Жоғарғы сотқа шағымданатынын мәлімдеді.

Судьялар алқасына берілген апелляциялық шағымда заңгер Өтепов пен оның адвокаты Руслан Шағатаев "Халық жемқорлыққа қарсы" қоғамдық бірлестігінің басшысын толық ақтауды талап еткен.

– Аслан Өтепов бұрын сотталмаған, ол "Трамадол" [препаратының] заңсыз сатылуына қарсы күресте көп нәрсеге қол жеткізді, бұл препарат қазір есірткі тізіміне енгізілген. [Өтепов] – құқық қорғаушы, "Халық жемқорлыққа қарсы" қоғамдық бірлестігінің басшысы, оның қызметіне байланысты жаулары пайда болуы мүмкін, қамауда отырғаны осыдан да шығар. Оның отбасы, үш баласы бар, осы тоғыз ай оған әсер етті деп ойлаймын, біз шағымда көрсеткен заңбұзушылықтар оны кінәлі деп тануға жол бермейді, – деді адвокат Шағатаев сотта.

Сотталушының қорғаушысы бұл істе заңсыздықтар болды, соның ішінде жәбірленушілер куәліктер бергенде шатысты, олар тергеу мен сот барысында сауда орнына деп жер алуға әкімдік қызметкеріне пара ретінде беру үшін Өтепов алған соманы әртүрлі айтты дейді. Адвокат Шағатаев іс алғашында арыз бойынша қозғалғанын, бірақ ол кезде істе жәбірленушілер болмағанын айтты. Оның сөзінше, жәбірленушілер Аслан Өтепов тергеу кезінде қамауға алынғаннан соң пайда болған.

Сот кезінде екі куәгер қайта сұралды (сот біреуін сұрай алмады, өйткені сот процесінің ережесі сақталмады және куәгер сот залында болып, алдыңғы куәліктерді естіді). Жәбірленуші деп танылған Оксана Байсариева сотқа қатысты, ал екінші адам белгісіз себептермен келмеді.

Өткен аптада апелляция алқасы бұл іс бойынша сот тергеуін қайта бастаған.

Белсенді Аслан Өтепов адвокат айтқан дәлелдерді толық қолдап, өзіне қарсы қозғалған қылмыстық іс ойдан құрастырылған деді. Жарыссөз кезінде Өтепов жәбірленушілерден пара беруге ақша алмағанын айтқан. Адвокат пен Аслан Өтеповтің сөзін оның әйелі әрі қоғамдық қорғаушысы Айнұр Өтепова да қолдады.

23 мамырда Орал соты заңгер Аслан Өтеповті "алаяқтық жасаған" және "пара беруге итермелеген" деп танып, жеті жылға бостандығынан айырған. Сот белсендіге мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет етуіне өмір бойына тыйым салды.

Билік Аслан Өтеповті былтыр 30 желтоқсанда ұстап, бір күннен кейін тұтқындаған. Іс материалдарында 2022 жылғы ақпанда Өтепов танысы, кәсіпкер Оксана Байсариевадан жергілікті шенеунікке пара ретінде беру үшін 800 мың теңге алған деп жазылған. Кәсіпкер көкөніс сататын орынға жерді осылайша алмақ болған дейді тергеушілер. Айыптаушы тараптың сөзінше, кейінірек Байсариева жеңілдікпен ипотека алушылар кезегіне тұру үшін Өтеповке тағы 100 мың теңге берген. Өтепов өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.

Аслан Өтепов дәрігердің қағазынсыз сатылатын "Трамадол" анальгетигі саудасын бақылауды күшейтуге үндеп жүрген белсенді ретінде танылған. Ол Оралдағы дәріханалар мен тұрғын үйлерде осы препарат емін-еркін сатылып жатқанына қарсылық білдіріп, бірнеше рет бейбіт акция өткізген. Тағылған айыпқа қатысты Өтепов өзі сынап жүрген полиция мен прокуратура одан осылайша өш алғысы келетінін айтқан.

Қазақстандық құқық қорғаушылар биыл ақпанда оралдық белсенді, заңгер Аслан Өтеповті "саяси тұтқын" деп таныған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG