Accessibility links

Қазақстандық белсенділер Нью-Йорктегі қарсылық шарасында саяси талаптар айтты


"Қазақстан оппозициясының үйлестіру кеңесінің" белсенділері Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінің жанында қарсылық акциясын өткізіп тұр. 19 қыркүйек 2023 жыл.
"Қазақстан оппозициясының үйлестіру кеңесінің" белсенділері Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінің жанында қарсылық акциясын өткізіп тұр. 19 қыркүйек 2023 жыл.

Орталық Азия елдерінің басшылары АҚШ президенті Джо Байденмен кездесіп жатқанда қазақстандық белсенділер Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінің жанында Украинаны қолдауды және Қазақстанда қамауда отырған белсенділерді босатуды талап ету акциясын өткізген. Бұл туралы Азаттыққа акцияны ұйымдастырған "Қазақстан оппозициясының үйлестіру кеңесі" деген топтың мүшесі Заманбек Тілеулиев хабарлады.

Тілеулиевтің айтуынша, жиынға 10-ға жуық адам қатысқан. Олар акцияда қамауда отырған белсенді Марат Жыланбаевқа, журналистер - Думан Мұхаммедкәрімге, Айгерім Тілеужанға бостандық талап еткен.

Акцияға қатысқандар Қазақстан Ресей көшбасшылық ететін Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақтан шығуы керек деген үндеу тастаған.

Белсенді Барлық Меңдіғазиев АҚШ билігін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа санкция салуға шақыратын тақтайша ұстаған. Жиналғандар Қазақстан мен Қырғызстан президенттерін "Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектесіп жатыр" деп айыптайды.

Екі сағатқа созылған жиында Қаңтар оқиғасына халықаралық тергеу қажет екені де айтылған.

Қазақстандықтар акция өткізген алаңға жақын жерде Ресей, Украина, Әзербайжан, Армения, Иран және ұйғыр белсенділері де бейбіт жиын өткізген.

Осылайша олар елдерінде болып жатқан заңсыздықтарға әлем назарын аудартқысы келгенін, Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптайтынын мәлімдеген.

"Қазақстан оппозициясының үйлестіру кеңесі" мүшесінің айтуынша, акцияны АҚШ-тағы Қазақстан билігінің өкілдері бақылап, белсенділерді фото, видеоға түсірген. Алайда олар өздерінің билік өкілі екенін растамаған, жоққа да шығармаған.

"Орталық Азия – АҚШ" саммиті қарсаңында тіркелмеген "Алға, Қазақстан" қозғалысының белсенділері Қазақстанның кемі 10 қаласында бейбіт митинг өткізуге рұқсат ала алмаған. Олар да жиында "саяси тұтқындарға", қамаудағы белсенді Марат Жыланбаевқа бостандық талап етіп, Украинаны қолдау акциясын өткізбек болған. Әкімдіктер "ол күні алаң бос емес", "митинг ел қауіпсіздігіне қатер төндіреді" деген уәждермен митинг туралы хабарламаны кейін қайтарған.

Қазақстандық белсенділер Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінің жанында акция өткізіп жатқанда ғимарат ішінде АҚШ президенті Джо Байден мен Орталық Азия елдері басшыларының саммиті өтіп жатты. Саммитке АҚШ пен Қазақстан, Қырғызстан президенттерімен бірге Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев қатысты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG