Accessibility links

Ресей Украинаға зымыранмен шабуыл жасады


Бейсенбіге қараған түні Ресей әскері Киевті зымыранмен атқылаған. Украина жағы олардың жиырмадан астамын әуе қорғанысы күштері жойғанын хабарлады. Зымыран шабуылынан жеті адам зардап шеккен, екеуі – бала. Бұл туралы Киев мэрі Виталий Кличко мен қалалық әкімшілік жетекшісі Сергей Попко хабарлады.

Киевтің Дарницк ауданында 7 адам зардап шеккен. Оның үшеуі, арасында тоғыз жасар қыз да бар, ауруханаға жеткізілген. Тағы төрт адамға оқиға орнында көмек көрсетілген. Ауданда бос тұрған ғимараттар мен автотұрақтағы көліктер зақымданып, өрт басталған.

Шевченко ауданында газ құбыры жарылып, Киевтің ортасындағы Голосеевск ауданында бес қабатты тұрғын үйдің терезелері шағылған.

Попконың мәліметінше, Киевке ресейлік Ту-95МС стратегиялық авиацияның 10 ұшағы шабуылдаған.

Ресей Украинаға басып кіргелі бері Киевте әуе шабуылы туралы жасалған ескерту дабылының ұзақтығы орта есеппен мың сағаттан асқан. Попконың сөзінше, бұл бір жарым ай бойы кідіріссіз дабыл қағумен тең.

Киев облысында зымыран қалдықтары құлап, салдарынан бірқатар өндіріс орнында өрт шығып, жеке тұрғын үйлерге зақым келген. Екі адам жараланған.

Бейсенбіге қараған түні әуе шабуылы туралы ескерту дабылы Украинаның өзге де аймақтарында соғылған. Черкасста зымыран қалдықтары әлеуметтік инфрақұрылым нысанына құлап, бес адам жараланған. Тағы бір адам қирандылар астында қалды дейді облыс әкімшілігінің жетекшісі Игорь Табурец.

Украина ішкі істер министрі Игорь Клименконың хабарлауынша, Черкасстағы зымыран соққысынан кейін қонақүй ғимараты қирап, жеті адам зардап шеккен. Қонақүйде 23 адам болған, қирандылар астында әлі де адамдар қалуы мүмкін екені айтылып отыр.

Херсонда Ресей әскерінің шабуылынан тұрғын үйлер бүлінген. Жатақханада болған екі адам қаза тапқан. Тағы төрт адам жараланған дейді облыс жетекшісі Александр Прокудин.

Бейсенбі күні таңертеңгі тоғызға таман шабуыл жайлы ескерту дабылы тоқтады. Ресей зымыран шабуылдарына қатысты әзірше түсініктеме берген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG