Ғауез Нұрмұхамбетов Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. 23 қыркүйекте Ақорда сайтында тиісті жарлық шықты.
55 жастағы Нұрмұхамбетов биыл қаңтардан бері парламенттің жоғары палатасына Қостанай облысынан сайланған депутат болған.
Облыс әкімінің креслосы шамамен үш апта бос тұрды. 4 қыркүйекте аймақтың бұрынғы басшысы Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалған. Әкімнің міндетін Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің үш орынбасары мен аппарат жетекшісі бірігіп атқарған.
Нұрмұхамбетов Қостанай облысында туған. Аталған облыс СҚО сияқты Ресеймен шектеседі және аграрлық аймақ саналады. Агроном, заңгер және мамандығы бойынша экономист Нұрмұхамбетов еңбек жолын совхозда механизатор болып бастаған.
1997 жылы мемлекеттік қызметке келген. Әр жылдары Қостанай қаласының әкімі, Қостанай облысы Әулиекөл ауданының әкімі, Қостанай облысы әкімінің орынбасары, президент әкімшілігінің инспекторы қызметтерін атқарған.
Қыркүйектің басында Тоқаев президент әкімшілігінің құрылым өзгертіп, үкімет мүшелерін ауыстырған. Қазақстандық саясаттанушылар патрон-клиент жүйесі бойынша кадр тағайындау жүйесі жалғасып жатыр деп санайды.