Accessibility links

Севастопольде жарылыс болды. Халыққа "ракета қаупі" жөнінде ескертілді


Севастополь орталығы.
Севастополь орталығы.

Аннексияланған Севастопольде 23 қыркүйекте таңертең тағы да қуатты жарылыс болды.

Сухарная балка ауданынан қою түтін будақтады. Ол жақта Қара теңіз флотының арсеналы шоғырланған деп айтылады.

Ресей тағайындаған Севастополь губернаторы Михаил Развозжаев Телеграмда аталған ауданға атып түсірілген ракетаның бөлшектері құлағанын жазды.

Жарылыстан кейін бірқатар ауданда дабыл қағылды. Теңіз жолаушылар көлігі тоқтатылды. Ресей билігі "ракета қаупі" туралы хабарлап, тұрғындарға жасырынуға кеңес берді. Украина жағы оқиғаға түсініктеме бермеді.

22 қыркүйекте Украина әскері аннексияланған Қырымдағы Севастопольде Қара теңіз флоты штабына ракета соққысын жасаған. Ғимаратқа екі-үш ракета түсіп, ғимарат кәдімгідей бүлінген. Ресей қорғаныс министрлігі соққыдан кейін бір әскери қызметкер із-түзсіз жоғалғанын хабарлады, бейбіт тұрғындар арасында оқиғадан ешкім зардап шекпеген.

Украина қорғаныс министрлігі барлау басқармасының жетекшісі генерал Кирилл Будановтың айтуынша, 22 қыркүйек күнгі Қара теңіз флотының штабына ракета соққысы кезінде Ресей күштерінің Запорожье бағытындағы штабына жетекшілік жасайтын қолбасшы ауыр жараланған. Будановтың айтуынша, кемінде 9 адам қаза болған, 16 адам жараланған. Бұл ақпаратты растайтын тәуелсіз дереккөздер жоқ.

"Америка дауысы" сайтына берген сұхбатында Буданов "жараланғандар арасында генерал-полковник (Александр) Романчук бар, жағдайы өте ауыр. Штаб бастығы генерал-лейтенант (Олег) Цеков ес-түссіз жатыр" деп айтты. Ол украин Телеграм-арналарында тараған Қара теңіз флотының жетекшісі Виктор Соколов қаза болды деген ақпаратты растамады.

Украинаның арнайы операция күштерінің баспасөз қызметі "Крабовая ловушка" операциясының нәтижесінде ондаған ресейлік әскери қызметкер жараланып, кейбірі қаза болғанын мәлімдеді. Арасында "флоттың басшылары да бар".

XS
SM
MD
LG