Ресей Украинаға басып кіргелі бері әскерге жарамды 3500 Ресей азаматы Германия билігінен саяси баспана сұраған. Германия ішкі істер министрлігінің бундестагқа солшылдар партиясынан сайланған депутат Клара Бюнгердің сауалына берген жауабында осындай мәлімет айтылады.
Redaktionsnetzwerk Deutschland агенттігінің жазуынша, көші-қон және босқындар ісі жөніндегі федералдық ведомство (BAMF) 1500-ден астам өтініш бойынша шешім қабылдаған. Соның нәтижесінде 90-ға жуық Ресей азаматы босқын мәртебесін алған.
1100 өтінішке қатысты шешім Дублин келісіміне сәйкес қабылданған. Оған сай, босқын мәртебесін беру процесіне Еуроодақ мемлекеті жауапты. Германияға ЕО-ның басқа елінен келген Ресей азаматтары алғаш келген еліне өз еркімен баруға тиіс немесе жіберілуі керек.
Германия соттарының пікірінше, мобилизациядан немесе әскерден қашу босқын мәртебесін алуға толық негіз бола алмайды. Егер мобилизациядан немесе соғыстан қашқан адамға Ресейде қатаң жаза қаупі төнсе ғана өтініштері мақұлдануы мүмкін.
Германияда мобилизациядан қашқан Ресей азаматтарына қарағанда соғыс зардабын көрген Украина азаматтарының саяси баспана алу мүмкіндігі көбірек.
Германияның консервативті саясаткерлері Ресей арнайы қызметінің өкілдері де босқын мәртебесіне өтініш беріп, тыңшылықпен айналысуы мүмкін деп қауіптенеді. Германияның ішкі істер органдары өтініш берген әрбір азаматқа қатысты қосымша тексеру жұмыстарын жүргізеді.