Accessibility links

"Әуежайды басып алу ісі" бойынша апелляциялық сотқа келгендер "митингіге келмегенін" арқаларына жазып алған


26 қыркүйекте Алматы әуежайын "басып алу" ісі бойынша апелляциялық шағым онлайн қарала бастағанда сотталушылардың жақтастары Алматы қалалық сотының алдына "сотқа келдім", "митингіге келген жоқпын" деген жазуы бар киіммен келді.

Олар онлайн сот процесін телефон арқылы бақылап тұрды. Бірнеше адамның жейдесінде "сотқа келдім", "митингіге келгем жоқ" деген жазу бар. Сот ғимаратын полиция күзетіп тұр.

Бұған дейін, 19 қыркүйекте "әуежайды басып алу" ісі бойынша апелляциялық сот басталарда келіп, желіде тікелей эфирден хабар таратқан белсенді Абзал Достияров 15 күнге қамалған.

Алматы соты белсенділер Марат Тұрымбетов пен Майра Ғабдуллинаның әрқайсына 30 АЕК көлемінде (1 айлық есептік көрсеткіш – 3450 теңге) айыппұл салған.

Үшеуіне де "бейбіт жиын өткізу тәрбітін бұзды" деген айып тағылған. Белсенділердің митингіге емес, сотқа келдік деген уәжін сот ескермеген.

"Әуежайды басып алу ісі" бойынша сотқа келгендер киімдеріне "сотқа келдім" деп жазып алған. Алматы, 26 қыркүйек, 2023 жыл
"Әуежайды басып алу ісі" бойынша сотқа келгендер киімдеріне "сотқа келдім" деп жазып алған. Алматы, 26 қыркүйек, 2023 жыл

Алматы әуежайын "басып алу" ісі бойынша Алматы қалалық сотында бүгін апелляциялық шағым онлайн қаралып жатыр.

"Әуежайды басып алу ісі" бойынша апелляциялық шағымды қарау 19 қыркүйекте басталған. Сот отырысына келген адамдар көбейген кезде сот онлайн режимде өтетіні хабарланып, сотталушылардың туыстары, адвокаттары мен белсенділер наразылық білдірген. Сот ғимаратының алдында тұрған адвокаттардың екеуі ZOOM арқылы сот процесіне қосылса, тағы үш-төрт адвокат қосыла алмай, сот залына кіргізуді талап еткен. Адвокаттар сот залындағы дыбыс бірде естілсе, бірде естілмейтінін айтқан.

Қаңтар оқиғасы кезінде "әуежайды басып алу ісі" бойынша үкімді 11 шілдеде Алматы қаласының Наурызбай аудандық соты шығарған.

 "Әуежайды басып алу" ісінде күдікті Әйгерім Тілеужан жауап берді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:51 0:00

Судья Марат Кәкімжанов журналист, қоғам белсендісі Әйгерім Тілеужанды 4 жылға бостандығынан айырып, қауіпсіздігі орташа түзеу колониясына жіберу және сот залынан қамауға алу туралы үкім оқыған. Судья үкімі бойынша, Әйгерім Тілеужанның абақтыда қамауда отырған 1 тәулігі 1,5 тәулікке, үйқамақтағы 1 тәулігі тәулікке есептелген.

Судья айыпталушылар Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев, Жанайдар Кәрменовтің әрқайсын 8 жылға бостандығынан айырып, қауіпсіздігі орташа түзеу колониясына жіберу жөнінде үкім кескен. Олардың қамауда отырған бір тәулігі 1,5 тәулікке есептелген.

Биыл 30 наурызда Алматыда "Қаңтар оқиғасы кезінде әуежайды басып алу" ісі бойынша бес адамның соты басталған.

"Алматы әуежайын басып алу" ісі бойынша Әйгерім Тілеужан 4 жылға, Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев және Жанайдар Кәрменов 8 жылға түрме жазасына кесілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG