Accessibility links

HRW Ташкентті қамаудағы қарақалпақ журналисі Дәулетмұрат Тәжімұратовтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды


Қарақалпақ белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратов сот залында.
Қарақалпақ белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратов сот залында.

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымы Нөкістегі наразылықтан кейін ұзақ жылға сотталған қарақалпақ белсендісі, журналист Дәулетмұрат Тәжімұратовтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үндеді. Тәжімұратов биыл қаңтарда “Қарақалпақстан автономия республикасында былтыр шілдеде болған үкіметке қарсы наразылыққа қатысқаны үшін" 16 жылға сотталған. Жазда апелляция соты үкімді өзгеріссіз қалдырған.

HRW 26 қыркүйек күнгі хабарламасында белсендінің адвокаты Сергей Майоровқа сүйене отырып, белсендінің түрмеде отыран кезде құқықтары бұзылғанын атап көрсеткен.

Майоровтың айтуынша, түрмедегі Дәулетмұрат Тәжімұратовқа тиісті дәрежеде медициналық көмек берілмей отыр. Оған беріліп жатқан тамақтың сапасы да нашар. Адвокаттың айтуынша, белсендіге түрмеде кітапханаға баруға және баспасөз оқуға рұқсат берілмеген. Бұған қоса, журналист жалғызадамдық камерада отыр. Түрме әкімшілігі өкілдері оны өзге сотталушылардан оқшаулап, жұмыс істеуіне де рұқсат бермеген.

“Тәжімұратов жүдеп кетті, оның қамаудағы жағдайы оның физикалық және психологиялық денсаулығына зиян келтіріп жатыр” деп HRW Майоровтың сөзінен үзінді келтіреді.

Ұйымның зерттеушісі Мира Ритманның айтуынша, “кез келген тұтқын тәрізді” Тәжімұратовтың да “адамның намысын қорлайтын дөрекі қарым-қатынастан түбегейлі қорғануға, тиісті дәрежеде тамақтанып, медициналық көмек алуға” құқығы бар.

“Бар "кінәсі" – халықты бейбіт наразылыққа шақырған, Қарақалпақстанды егемен мәртебесінен айыратын конституциялық өзгерістерге қарсы екенін айтқан Тәжімұратов түрмеде торықпауы тиіс” деді Мира Ритман.

HRW мәлімдемеде өзбек билігі Тәжімұратовтың одан әрі қарай түрмеде қиналуына жол бермеуі керек, белсендіні еш себепсіз оқшауламауы керек деп жазған.

2022 жылы Өзбекстан билігі Конституцияға өзгеріс енгізіп, Қарақалпақстан автономиялы республикасын Өзбекстан құрамынан шығу құқығынан айырмақ болған. Сол жылы шілдеде Қарақалпақстанда жұрт Ташкенттің бастамасына қарсы жаппай наразылыққа шыққан еді.

Өзбек билігі 2022 жылы шілдеде болған наразылықтан 21 адам өлгенін хабарлаған. Алайда Австрияда шоғырланған Еуразия адам құқығын қорғау тобының мәліметінше, шілдедегі наразылықтан кемінде 70 адам қаза болған.

Жаппай наразылықтан кейін Ташкент даулы түзетулерді жобадан алып тастады. Билік наразылыққа сыртқы күштерді айыптады және ондаған адамды соттады.

Қарақалпақ - түркі тілінде сөйлейтін Орталық Азиядағы ұлт. 1924 жылы құрылған Қарақалпақстан автономды облысы 1930 жылға дейін Қазақ АССР құрамында болған. Кейін РСФСР қарамағына беріліп, 1936 жылдан бастап Өзбекстан құрамына өткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG