Accessibility links

Қазақстандықтардың Қаңтар оқиғасына көзқарасы туралы алғашқы зерттеу жарияланды


Қаңтар оқиғасы кезінде наразы жұрт Талдықорғанда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін құлатып жатыр.
Қаңтар оқиғасы кезінде наразы жұрт Талдықорғанда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін құлатып жатыр.

Қазақстандық PaperLab зерттеу орталығы 27 қыркүйекте "Қазақстан қоғамының Қаңтар оқиғасына көзқарасы" атты есеп жариялады. Онда былтыр елдің батысында басталып, қалған қалаларға тараған Қаңтар оқиғасына қатысты Қазақстан халқы арасында жүргізілген сауалнама деректерінің қорытындысы жарияланған. 2022 жылы болған наразылықтың соңы кейбір қалаларда тәртіпсіздікке ұласып, кемінде 200-ден астам адам қаза болды. Жаппай ұстаулар болды, ұсталғандар азапталды. Президент халыққа үндеуінде күштік құрылымдарға ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін мәлімдеді. Қаңтар оқиғасынан кейін мыңнан астам адам, көбі қарапайым азаматтар, сотқа тартылды. Оқиға кезінде қаза болған азаматтарға да үкім шығарылды.

2022 жылдың 29 желтоқсан және 2023 жылдың 10 қаңтар аралығында жүргізілген сауалнамаға 1047 адам қатысқан. Зерттеу қанды оқиғадан кейін бір жыл өткеннен кейін де қазақстандықтар Қаңтар оқиғасында не болғанын, оның себептері мен тараптардың қатысы туралы нақты білмейтінін көрсеткен.

Сұралғандардың 38 пайызы 2022 жылы Қаңтарда "елде билікті басып алу үшін ұйымдастырылған саяси арандатушылық" болды деп санайтынын жеткізген. Есеп авторларының айтуынша, бұл биліктің ресми түсіндірмесіне ұқсас. Ол жөнінде 2023 жылы 5 қаңтар күні парламенттегі тыңдауда бас прокурор Берік Асылов та айтқан. Есепте бас прокуратура наразылықты ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшылары ұйымдастырды деп көрсеткен. 2022 жылы қызметінен кетірілген ҰҚК-ның бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасарларының ісін билік құпия еткен, ал "мемлекетке опасыздық жасау" туралы сот процесі жабық өтті.

Сұралғандардың 28 пайызы "бұл тәртіпсіздік пен тонауға ұласқан бейбіт наразылық" деп санайтынын жеткізген. 15 пайызы "жағдайды тұрақсыздандыруға тырысқан лаңкестердің шабуылы" деп түсінетінін айтқан. 4 пайызы басқа нәрсе болды деп есептейді. 16 пайызы жауап таба алмай қиналған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтарда "Алматының өзіне шетелде дайындықтан өткен 20 мың террорист шабуылдады" деп мәлімдеген. Билік бұл тұжырымын дәлелдей алған жоқ. Алайда шабуыл туралы мәлімдеме Тоқаевқа Мәскеу бастаған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан "Қазақстанға террористік қауіпті жоюға көмек алуына" мүмкіндік берген.

Сұралғандардың 44 пайызы елге ҰҚШҰ әскерін кіргізуді қолдамаған, 37 пайызы қолдаған. Ресми мәлімет бойынша, ҰҚШҰ әскері Қазақстанға 6 қаңтарда жіберілген, соңғы бөлімдер республикадан 19 қаңтарда кеткен.

Тоқаевтың Қаңтар оқиғасы кезінде "ескертусіз оқ ату" туралы бұйрығын сұралғандардың 71 пайызы құптамаған.

"Ең мақұлданбаған әрекет ұсталғандарды азаптау болып шықты: мұны 72% мақұл-
дамады, ал мақұлдағандар 7% құрады. Қаңтар оқиғасы кезінде қамауда отырған-
дарды азаптау мен құқықтарын бұзудың көптеген фактілері тіркелген: таяқпен ұру, тоқ соқтыру, адвокаттармен кездесуге рұқсат бермеу және тағы басқа" деп жазылған зерттеуде.

Сұралғандардың едәуір бөлігі биліктің Қаңтар оқиғасы кезіндегі әрекетіне баға беруде қиналған. 2022 жылы 5-19 қаңтар күндері Қазақстанда төтенше жағдай режимі енгізілді, елде интернет өшірілді, тұрғындар тәуелсіз ақпарат құралдарының сайттарына кіре алмады.

PaperLab зерттеуіне сүйенсек, көптеген қазақстандық үшін Қаңтар оқиғасы "өте нәзік әрі ауыр тақырып" болып қалады. Сұралғандардың үштен бірі оқиғаны еске алғанда бойын қорқыныш пен алаң билейтінін айтқан.

"Елде билік шын мәнінде кімнің қолында: бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев па, әлде ол президент ретінде қалдырып кеткен Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолында ма?" деген сұраққа сұралғандар біркелкі жауап бермеген. Назарбаев 2019 жылы наурызда Тоқаевты өз орнына қалдырып, Қаңтарға дейін ықпалды Қауіпсіздік кеңесіне жетекшілік еткен. Бұл сарапшылар арасында "қос билік қалыптасты" деген күмәнді үдеткен.

PaperLab зерттеуіне сүйенсек, сұралғандардың 40 пайызы билік қазіргі президенттің қолында деп санайды. 9 пайызы билік іс жүзінде Назарбаевта деп санайды. Олар екеуі бірігіп басқарады деген болжамды сұралғандардың 11 пайызы айтқан. Үштен бірі "саясатқа қызықпағандықтан" сұраққа жауап бере алмайтынын айтқан.

Зерттеу авторларының жазуынша, Қаңтардан кейін алғашқы айларда бірқатар БАҚ мемлекеттік төңкеріс туралы болжамды таратуға "белсене атсалысқан". Зерттеушілердің айтуынша, былтыр жыл басында билік тергеудің нәтижесін таныстырған кезде аталған болжамды ресми нұсқаға айналдырған.

"Мемлекеттің тәуелсіз тергеу жүргізуден бас тартуы, осы оқиғаларды
ұйымдастырды деген күдікке ілінгендерге қатысты қылмыстық істердің жабық форматта жүргізілуі, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қарапайым
қазақстандықтардың өліміне қатысты бірқатар тергеуді тоқтатуы ресми нұсқаға
қатысты қоғам тарапынан заңды сенімсіздік тудырды. Адам құқықтарын сақтау
ұйымдары да ресми тергеулердің нәтижелерін, атап айтқанда, «құзырлы тұлғалар
тарапынан азаптау мен қатыгездік көрсету фактілері» бойынша сынға алды" деп жазылған есепте.

"Осылайша, Қаңтар оқиғасынан кейін бір жыл өтсе де болған қайғылы жағдай,
оның себептері және қандай да бір тараптардың қатысы бойынша белгісіздік
сақталып отыр. Осындай жағдайда ел азаматтары бұл төтенше оқиғаны қалай
қабылдайтынын, оқиға кезіндегі биліктің әрекетін қалай бағалайтынын, қайғылы
салдарына кім кінәлі деп есептейтінін зерттеу маңызды" деп түйіндейді зерттеу авторлары.

Сұралғандардың 39 пайызы бір жыл ішінде жағдай жақсарғанын "сезбегенін" айтқан. Төрттен бірі "ел басқаруда өзгеріс болады" деген тұжырымға скептицизммен қараған. Азаматтардың басым бөлігі Қаңтар оқиғасы қайталанбайтын шығар деп үміттенген. Сұралғандардың үштен бірі оқиғаның қайталау ықтималдағы нөлге тең деп санайтынын жеткізген.

XS
SM
MD
LG