Accessibility links

Ресей әскерінің Херсонға шабуылынан бір адам қаза болды


28 қыркүйекке қараған түні Ресей әскерінің Украинаға шабуылы салдарынан бір адам қаза болды, бір адам жараланды. Бұл жөнінде Херсон облысының жетекшісі Александр Прокудин хабарлады.

Оның сөзінше, шабуылдың салдарынан 41 жастағы Херсон тұрғыны өз үйінде мерт болған. 27 жастағы тағы бір тұрғынға оқиға орнында көмек берілген.

Прокудиннің айтуынша, Берислав ауданына жеті авиабомба түскен. Зардап шеккендер туралы ақпарат анықталып жатыр.

Украина қарулы күштерінің хабарлауынша, түнде Ресей әскері Украинаға 44 "Шахед" дрондарымен шабуылдаған. 34-і атып түсірілген. Зардап шеккендер мен қаза болғандар туралы ақпарат жоқ.

Украина қарулы күштерінің "Оңтүстік" жедел басқармасының баспасөз хатшысы Наталья Гуменюктің айтуынша, түнде Одесса және Николаев облыстарында әуе қорғанысы жүйесі іске қосылған.

Ресей Украинаға 2022 жылы 24 ақпанда басып кірді. БҰҰ мәліметінше, 2023 жылдың қыркүйек айының соңына дейін әскери қимылдың салдарынан 9701 бейбіт тұрғын қаза болған, 17 748 адам жарақаттанған. Бұл мәлімет толық болмауы мүмкін.

XS
SM
MD
LG