Accessibility links

The Guardian: ЕО Ресейге "дрон құрастыруға көмектесіп жатқан" елдерге бөлшек сатуға тыйым салуы мүмкін


Ирандық "Шахед-131"
Ирандық "Шахед-131"

Еуроодақ ресейлік дрондарда Еуропа бөлшектерін пайдалануға жол бермес үшін оларды жекелеген елдерге сатуға тыйым саламыз деп сес көрсетті. Бұл жөнінде Тhe Guardian жазды.

Брюссель Еуропа компаниялары мен үкіметтеріне ескерту жасап, кейбір бөлшектерді Түркия мен өзге елдерге сатуға тыйым салуға болатынын айтты. Иран мен Ресей Украина қалаларына соққы жасайтын дрондар мен өзге қару түрлеріне қажет бөлшектерді дәл осы үшінші елдерден алып отыр.

Бұған дейін басылым Киевтің G7 елдеріне жіберген 47 беттік құпия құжатына сүйене отырып, Украинаға шабуылдаған ирандық дрондардан Еуропа бөлшектері табылғанын және олар Иранға Түркия, Үндістан, Қазақстан, Өзбекстан, Вьетнам және Коста-Рика сияқты үшінші елдер арқылы тасымалданады деп жазған.

Украина билігінің мәліметінше, дрондардан табылған компоненттер Еуропадағы бес компанияда әзірленген: немістің Ti Automotive Gmbh мен International Rectifier, швейцариялық STMicroelectronics және U-blox, голландық NXP Semiconductor компаниясы.

Еуропа комиссиясының өкілі Батыс компоненттерінің басқа елдер арқылы тасымалданып жатқаны ЕО санкциясының Ресейге "едәуір қысым жасап жатқандығын" дәлелдейді, дегенмен одаққа мүше елдер санкция режимін қатаң түрде сақтау керек деп мәлімдеді.

Басылымның жазуынша, Еурокомиссия "ЕО санкциясына ілінген тауарларды реэкспорттап жатқан шетел операторларын мұқият бақылауды көздеп отыр". Комиссия өкілі "кейбір жағдайда дипломатиялық талпыныс жеткіліксіз болуы мүмкін немесе оны қабылдау ниеті болмауы да мүмкін". Ондай жағдайда жекелеген тауар түрлерін үшінші елдерге тасымалдауға тыйым салу амалы ғана қалады деді.

Ирандық "Шахед" дрондарын Ресей "Герань-2" деген атпен 2022 жылдың соңынан бастап соғыста қолданып келеді. Иран басында дрон бергенін жоққа шығарған, кейін Ресейге дрондарды соғыс басталмай тұрып бергенін мойындады. Мәліметке қарағанда, Украинаға соққы жасау үшін кейінгі үш айда сондай 600-ден астам дрон пайдаланылған.

Қазақстандық шенеуніктер бұған дейін Қазақстан аумағын Ресейге қарсы санкцияны айналып өту алаңына айналуына жол бермейміз деп мәлімдеген еді. Биыл көктемде Қазақстан билігі республика шекарасын кесіп өтетін барлық тауарды тексеруге мүмкіндік беретін онлайн-жүйені іске қосқанын хабарлаған.

Германияда ресми сапармен жүрген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бір күн бұрын Астана Батыстың Ресейге қарсы санкция ережелерін бұзбайды деп мәлімдеген.

"Біз санкция режимін сақтау бойынша тиісті ұйымдармен хабарласып отырмыз. Неміс тарабы санкция режимін айналып өтуге бағытталған қимыл-әрекет болады деген қауіптенбесе болады" деді Тоқаев.

XS
SM
MD
LG