Accessibility links

Байден АҚШ конгресін Украинаға көмек беру мәселесі бойынша тезірек өзара келісімге келуге шақырды


Джо Байден
Джо Байден

1 қазанда президент Джо Байден АҚШ Украинаға әскери көмек беруді жалғастыра беретінін мәлімдеп, конгресті осы мақсатқа қаржы бөлу жөнінде тезірек өзара келісуге шақырды. Байден бірер күн бұрын конгрестің қос палатасы қабылдаған, 45 күнге арналған уақытша бюджет туралы пікір білдірген. Бұл бюджетте Украинаға көмек беру қарастырылмаған.

"Біз қандай жағдайда да Украинаға көмекті тоқтата алмаймыз" деген Байден ортақ шешімге келетін уақыттың азайып бара жатқанын айтқан.

АҚШ президентінің әкімшілігі Украинаға 24 миллиард долларға бағаланатын қару-жарақ беруге келісім алған. Оған сенаттағы республикашылдар, әсіресе өкілдер палатасында көбірек қарсылық білдірген. Республикашылдар мен демократтар арасындағы келіспеушілік бюджеттің өзге мәселелерінен де көрінген. 1 қазанға дейін бюджет қабылданбаса, федералды билік органдары мен олардың бағдарламаларына бөлінетін қаржы тоқтар (шатдаун) еді. Оған жеткізбес үшін соңғы сәтте уақытша компромиске келген. Бірақ уақытша қаржыландыру туралы заң жобасында Украинаға көмек қарастырылмаған.

Ресей агрессиясына тойтарыс беру үшін Киевке көмек беру қажеттігін демократтар да, республикашылдар да мойындайды. Байден Украинаға көмек жалғасатыны туралы өкілдер палатасының спикері, республикашыл Кевин Маккартимен келісім жасасқанын мәлімдеген, бірақ егжей-тегжейін айтпаған. Politico хабарына қарағанда, өкілдер палатасының республикашылдар фракциясы бұл мәселені 2 қазанда талқылауы мүмкін.

Жексенбіде Киевке келген Еуропа одағы сыртқы ведомствосының басшысы Жозеп Боррель Еуропа одағы Украинаға көмекті қалай болғанда да жалғастыра беретін мәлімдеді. "Біздің көмегіміз жалғаса береді, оның АҚШ-қа қатысы жоқ" деді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG