Биыл Қаңтар оқиғасы бойынша 16 жылға сотталған Ербол Жұмановтың ісі Жоғарғы сотта қаралатын болды. Бұл туралы Ербол Жұмановтың адвокаты Жалғас Сапарханова әлеуметтік желідегі парақшасына жазды.
Адвокаттың сөзінше, бүгін Қазақстан Жоғарғы сотының әкімшілігінен Ербол Жұмановтың ісі Жоғарғы сотта қаралатыны туралы хабар келген. Алдын-ала тыңдау 16 қазанға белгіленген.
Биыл тамыз айында Жамбыл облыстық соты Қаңтар оқиғасы кезінде "ҰҚК подполковнигі Дастан Әділбайды өлтірді", "қару-жарақ ұрлады және сақтады" деген айыппен 16 жылға сотталған Ербол Жұмановқа шыққан үкімді өзгертпеген еді.
Ербол Жұманов пен қорғау тарабы сот қаулысына наразылық білдіріп, Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсіретінін мәлімдеген.
Биыл 28 сәуірде Тараз соты "қаруды заңсыз иемденді", "билік өкіліне күш көрсетті", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды және оған қатысты" деген айыппен тоғыз адамды соттаған. Ербол Жұманов – 16 жылға, Нұрахан Махатов – 6 жылға, Айбол Сағынтай мен Жақсылық Абдуллаев 5 жылға бостандығынан айырылған. Іс бойынша сотқа тартылған өзге бес адам – Қанат Нұраханұлы, Ермахан Сайлауов, Дәурен Нұрәлиев, Досмұхаммед Садықов пен Саламат Қосанов рақымшылыққа ілігіп, сот залынан босап шыққан.
ПІКІРЛЕР