Қытайдың Хуанжоу қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында қазақстандық велоспортшы Алексей Луценко жекелей жарыста чемпион атанды. Бұл - Қазақстанның Қытайдағы Азия ойындарында алған бесінші алтын жүлдесі.
Велоспорттан жекелей жарыста күмісті қытай Сюй Мин, қоланы гонконгтық Ван Яу Винсент Лау иеленді.
Бұған дейін Қазақстан стенд атудан екі, ескек есуден бір және нысана көздеуден бір алтын иеленген. Қазір Қазақстан 5 алтын, 9 күміс, 29 қола медальмен жалпы есепте 12-орында тұр.
31 жастағы Луценко 2014 жылы Инчхондағы (Оңтүстік Корея) Азия ойындарында жекелей сында алтын, 2018 жылы Джакартада (Индонезия) өткен Азия ойындарында жекелей және топтық жарыста екі алтын алған еді.
Хуанжоудағы Азия ойындары 7 қазанда аяқталады. Азия ойындарында медальдардың жартысынан көбі сарапқа салынып бітті.
Қазақстан 1994, 1998, 2002. 2006. 2010, 2014 жылдары кемі 18 алтын алып, жалпы есепте үздік бестікке енген. Ал 2018 жылы 15 алтынмен 9-орын алған.
ПІКІРЛЕР