Accessibility links

Теміртауда тұрғындар мен жүргізушілер травмай паркін сақтап қалуды талап етеді


Теміртаудағы трамвай депосы.
Теміртаудағы трамвай депосы.

Теміртауда тұрғындардан құралған бастамашыл топ қаладағы трамвай паркіне келіп, трамвай жұмысын тоқтатуға қарсылық білдірді. Тұрғындар Теміртауда тоғыз айдан бері тоқтап тұрған травмайларды қайта жүргізуді талап етеді.

Олардың сөзінше, түнгі 12-ге дейін жүрген трамвайлар – экологияға зиянсыз әрі шығыны аз транспорт.

"Бұл қала үшін, студенттер мен оқушылар үшін жаман болды. Қаладағы аудандарды жалғайтын қоғамдық көліктен айырылдық, қаланың кейбір жерлеріне жету қиынға айналды. Жергілікті деңгейде мәселе шешілмейтінін ұқтық. Мәселені үкімет пен президент деңгейінде шешу керек. Мұндай транспортты алып тастауға болмайды. Бізге құлақ асыңыздар" деді теміртаулық Ольга Пекарская.

Тұрғындар жиналған жерге полиция келді. Бірақ олар жағдайға араласпай сырттай бақылап тұрды. Трамвай паркінің күзетшісі тұрғындар мен журналистерден депо аумағына жақын келмеуді сұрады.

Тұрғындармен кездесуге қалалық мәслихаттың депутаты келіп, трамвай мәселесі қала және облыс деңгейінде талқыланып жатқанын жеткізді.

"Менің білуімше, Қазақстанда трамвай тек Өскемен мен Павлодарда бар. Теміртауда да сақтауға болар еді, бірақ көп ақша, яғни 10 млрд теңге керек. Мұндай ақша қалада бар деп айта алмаймын. Келіссөз жүргізіп, бір ортақ шешім табылады деп үміттенемін. Трамвай паркін сақтап қалу үшін келіссөздер жүріп жатыр, бірақ әзірге ешқандай шешім қабылданған жоқ" деді депутат Максим Хохлов.

Осы күні трамвай паркінің он шақты жұмысшысы да қаланың басқа бөлігінде жиналып, паркті сақтап қалуды талап етті.

- Біздің үмітіміз президент Тоқаевта ғана, жергілікті жерде бұл мәселе шешілмейді. Трамвай паркін ойласам, жүрегім ауырып кетеді, паркті сақтап қалу керек, - дейді трамвай паркінің жұмысшысы Оксана Зайковская.

Қыркүйекте трамвай паркінің иесі саналатын "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) компаниясы парктің жабылғанын әрі жұмысшылардың жұмыстан қуылғанын жоққа шығарған. Компания "трамвай паркінің мәселесі шешілгенше депода жұмыс істеген жұмысшыларды "АрселорМиттал Теміртауға" жұмысқа орналастыру бойынша келіссөз жүргізілгенін" айтқан.

Қазір Теміртауда трамвайлар тоқтаған. Қалада травмай жүретін кейбір сымдар алынып тасталған. АМТ сымдарды сақтап қою үшін алдық дейді. АМТ трамвай паркін әкімдік балансына беру мәселесін де қарастырып жатқанын хабарлаған. Ал әкімдік қаладағы травмай паркін сақтап қалу керегін айтқан еді. Бірақ қазірге дейін Теміртаудағы трамвайлардың алдағы жағдай белгісіз.

Қыркүйекте Теміртауда белсенділер үкіметтен трамвай паркін жаппауды сұрап, онлайн-петиция жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG