Accessibility links

Депутат "Ислам дінін жамылған жат ағымның" жақтастары туралы айтып, Қанды Қаңтарды еске салды


Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи 4 қазан күнгі мәжіліс отырысында "Ислам дінін жамылған теріс ағымдарды" айыптап, олар Қазақстан қоғамына "әлеуметтік-тұрмыстық жарықшақ салып, ол саңылау барған сайын ажырап барады" деп мәлімдеді. Ол депутаттық сауалын үкімет пен арнайы қызметке бағыттады.

"Тіпті қоғамның шырқын бұзып, мемлекеттік тұтастыққа ауыз сала бастаған жарықшақ қазақ халқының ұлттық бірлігі мен ұлттық даму дәстүріне және мыңжылдық қазақи ислам салтына қарсы шабуылға айналған сыңай танытады" деп жазылған депутат сауалында.

Ол билікке қайырылып, "қоғамды араб-уахабтық діни ұстаным негізде бөлшектеуге бағытталған бұл әрекеттермен" күрес бойынша жоспар бар-жоғын сұрады. Ол мемлекеттік органдар бұл мәселемен бірігіп күресуі керек деді.

Оның сөзінше, "Ислам атын жамылған теріс ағымдар" Қазақстанның бірқатар аймақтарында, атап айтқанда Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау және Ақмола облыстарында тарап жатыр.

"Бұл өңірлердің шағын бизнесін, әсіресе базар саудасы төңірегін уахабшылар – салафизм идеясына табынушылар басып барады. Яғни, теріс сектаның дамуына кеңінен мүмкіндік беріп, жан-жақты жағдай жасап отырған жергілікті билік өкілдері бар деген сөз" деді депутат.

Депутат "мемлекеттік биліктің өз ішінде де уахабизм мен жат ағымдарды насихаттауды қолдайтын жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер бар деген дерек менің құлағыма жетті" деді. "Егер осы сөз қаңқу емес, нақты жағдай осылай болса, онда біздің тәуелсіз мемлекеттігімізге шынында да қатер төнгені" деді ол.

Ол қандай да бір адамның аты-жөнін айтпады, мемлекеттік құрылымды атамады.

"Бүгінде сол "ескі Қазақстан" қазақтың ұлттық дәстүріне жат діни идеология арқылы "Жаңа Қазақстанның" жасампаздық жолына кесекөлденең тұруға ниетті. Оның алғашқы қанды нәтижесін Қаңтар оқиғасы кезінде көрдік" деді депутат.

"Жаңа Қазақстан" туралы ұранды Ақорда кемінде 238 адам қаза болған Қанды Қаңтар қырғынынан кейін айта бастаған. Наразылыққа қатысушылар жемқорлық пен тамыр-таныстыққа қарсы шықты. Билік Қаңтар оқиғасы "қарақшылар мен лаңкестердің" шабуылының нәтижесінде болды деп мәлімдеді. Бақылаушылар Қаңтар оқиғасы халықаралық сарапшылардың қатысуымен зерттелмеген шақта 2022 жылы Қаңтарда не болғаны әлі күнге дейін белгісіз қалғанын айтады. Билік Қаңтарды халықаралық дәрежеде зерттеу туралы ұсыныстан бас тартқан. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшыларының жабық соты мен биліктің "мемлекеттік төңкерістің алдын алдық" деп мәлімдеуі Қаңтар төңірегіндегі көп сұраққа жауап берген жоқ.

  • Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы ресми түрде ханафит мазхабын ұстанады. Кей мамандардың мәлімдеуінше, салафизмде бірқалыпты ағымдармен қатар радикалды түрлері де бар. Қазақстанда соңғы бірнеше жылда салафизмнің радикалды бағытын ұстанды, экстремизм мен терроризмді насихаттады деген айыппен ондаған адам сотталған. Арнайы қызмет ресми хабарламаларында терроризмді насихаттады деп айыпталған азаматтардың ұсталғанын мәлімдеп, олардың қанша жылға сотталғанын ғана айтады. Бірақ олардың аты-жөнін, тағылған айып пен қамау туралы толық мәлімет бермейді.
XS
SM
MD
LG