Қазақстанда соңғы төрт жылда «деструктивті ағым жетегінде жүрген» 1700 адам діни оңалтудан өткен. Бұл туралы 6 қазан күні Ақтөбеде өткен аймақтық конференцияда бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы айтты.
"Деструктивті діни ағымдардың зияны", "теріс ағымда жүрген" азаматтарды оңалту мәселелері туралы айтылған конференцияда бас мүфти парламент депутаттарын қолдап, "тұрақтылыққа қауіп төндірген әрекетке заңмен тыйым салу керек" деді.
- Біз қазақ халқына, мемлекеттілігіне, адамның жанына қауіп төндіретін кез-келген бағытқа қарсымыз және оны қолдамаймыз. Қанша терактіге қатысқан азаматтар болды, қанша адамның жанын қиюға себепші болды. Әрине, ол өте үлкен күнә және қате іс. Сондықтан біз оның алдын алуымыз керек, одан жастарымызды сақтандыруымыз қажет, - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтөбеге конференциядан бір күн бұрын келіп, жергілікті жұрт «алтыншы түрме» деп атайтын түзету мекемесінде болған. Терроризм айыбымен сотталып, жазасын өтеп жатқан азаматтармен кездескен.
Ақтөбе облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, Наурызбай қажы Тағанұлы «діни эстремизмді насихаттағаны үшін» жазасын өтеп жатқан екі азаматпен жеке кездесу өткізген. Ресми ақпаратқа қарағанда, бас мүфти оңаша кездескен екі азамат бостандықта жүргенде «жастардың жат діни ағымға еруіне себепкер болған».
«ҚМДБ төрағасы бір мәзхаб ұстанудың маңызы жайлы насихат айтып, екеуінің сұрақтарына жауап берді» деп хабарлайды Ақтөбе облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті.
Жаңа оқу жылы басталысымен Қазақстан мектептерінде «орамал дауы» тағы қозды. Билік бірыңғай мектеп формасы туралы бұйрыққа барлық оқушы бағынуы керек деп біледі. Ата-аналар орамал оқу процесіне кедергі емес дегенді алға тартып, баланың білім алу құқығы тапталды дейді.
Орамал таққан оқушылар ата-анасының шағымы көбейген тұста Қазақтан мұсылмандары діни басқармасы "Иманды, білімді ұрпақ тәрбиелеу – әрбір ата-ананың басты мақсаты. Шариғат бойынша балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу – парыз. Сол секілді білім алудың да үкімі – парыз" деп мәлімдеме жасаған болатын. ҚМДБ бұл мәселеге қатысты "мемлекеттік мекемелерге тиісті ұсыныстар бергенін" хабарлады. Бірақ нақты не ұсынғанын ашып айтпады.
Ақтөбедегі конференцияда Наурызбай қажы Тағанұлы «орамал дауы» оның құзырына жатпайтынын айтты. «Мүфтият – насихат айтатын орын, қоғамдық бірлестік. Біз заңға бағынушы момын мұсылмандармыз. Елдің игілігі үшін жасалған әрбір тәртіпке бағынуымыз қажет» деді ол.
ПІКІРЛЕР