Accessibility links

Тәжікстандағы балаларын елге қайтара алмаған Қазақстан азаматы БҰҰ-ға шағымданды


Қазақстан азаматы БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасына арызданды. Ол Тәжікстан азаматымен арадағы отбасы дауын шеше алмай жүр.

Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, Асхат Валитов ұйымнан балаларын Қазақстанға қайтаруға көмектесуін сұрайды.

Асхат Валитов БҰҰ-ға өткізген арызында Тәжікстан сот органдарына шағымы ешқандай нәтижесі бермегенін, сол себепті отбасы дауын шешу үшін халықаралық инстанцияға шыққанын жазды. Қазақ азаматының пікірінше, Тәжікстандағы сот органдары «біржақты» шешім қабылдап, өз елінің азаматының мүддесін қорғаған, оның балаларды тәрбиелеуге қатысуға құқығы барын ескермеген.

44 жастағы қазақ азаматы Асхат Валитов пен 26 жастағы тәжік азаматы Махина Әзімова 2015 жылы үйленген, Алматыда тұрған. Осы қалада олардың егізі дүниеге келген. Бірақ отбасы көпке бармады: 2021 жылғы қарашада сот некені бұзу жөнінде шешім шығарды.

Шешім Қазақстанда Әзімованың қатысуынсыз қабылданды. Себебі 2021 жылғы 9 қазанда Махина екі баласымен Ташкентке, содан әрі Тәжікстанға кетіп қалған.

Валитовтың айтуынша, оның балалары - Қазақстан азаматы, ал Махина Әзімова оларды Тәжікстанға әкенің келісімінсіз алып кеткен.

Екеуі некенің көпке созылмағанын түрліше түсіндіреді. Асхаттың айтуынша, әйелін «басқа біреумен ұстап алған», бұған қоса «отбасы мен балаларға дұрыс қарамаған». Махина болса күйеуін гомосексуал деп айыптап, жиі қол көтергеніне шағымданған.

Асхат Валитов бұрынғы әйелінің сөздерін жоққа шығарып, сотта жеңіп шығу үшін әдейі қаралады деп есептейді.

Тәжікстандағы Тұрсынзаде қалалық соты 2022 жылғы 11 қазанда Махина Әзімованың кәмелет жасқа толмаған балалары анасымен қалатыны, балалардың әкесі айлығының үштен бірін алимент ретінде төлейтіні жөнінде шешім шығарған.

Махина Әзімова сот әділ шешім қабылдады деп есептейді, бірақ Асхат Валитов пен оның адвокаты сот үкіміне наразы болған. Валитовтың айтуынша, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасы оның арызын қабылдап алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG