Accessibility links

Варшавадағы ЕҚЫҰ конференциясы: Белсенді Астананың "құрғақ уәделеріне сенбеуге" шақырып, санкция салуды ұсынды


Варшавада адамзат өлшемі бойынша өткен конференцияда шетелде тұратын қазақстандық кәсіпкер, Freedom Kazakhstan құқық қорғау қорының құрылтайшысы Барлық Меңдіғазиев Еуроодақ пен АҚШ-ты Қазақстан билігінің "реформа туралы" "құрғақ уәделеріне" сенбеуге шақырды.

Ол "өзгеше ойлайтындарды" түрмеге қамап, 2022 жылы қаңтарда ескертусіз оқ атуға бұйрық бергені үшін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеке санкция салуға үндеді.

Барлық Меңдіғазиев баяндамасында Қазақстанда бейбіт жиналу құқығы бұзылып жатқандығын айтты.

"Көше партиясы", "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Алға, Қазақстан!" оппозициялық қозғалыстарының белсенділерін жаппай тұтқындау, азаптау, саяси өлімдер мен қудалау үшін Қазақстан билігі жазаланған жоқ" деді ол.

Оның сөзінше, 2011 жылы Жаңаөзенде полиция мұнайшылардың бейбіт ереуілін басып-жаншып, халыққа оқ атқан кезде биліктің жазасыз қалуы 2022 жылы Қаңтарда Қазақстанның түрлі қалаларында бейбіт наразыларға қарсы тағы оқ жаудырылуына себеп болған.

"Осы қылмыс үшін ешкім жауап берген жоқ. Қазақстан билігі халықаралық тергеуден үзілді-кесілді бас тартты. Елде бейбіт азаматтар мен билік сыншыларын "экстремизм", "терроризм жасады", "лас ақшаны жымқырды" деп айыптап жатыр" деді Барлық Меңдіғазиев.

Ол конференцияға қатысушыларға биыл мамырда Қазақстанда тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партияның жетекшісі Марат Жыланбаев қамауға алынғанын айтты.

"Марат 2023 жылғы [кезектен тыс] парламент сайлауында тәуелсіз кандидат болған, бірақ сайлау алдында оны сылтау айтып сайлауға жібермеді" деді Барлық Меңдіғазиев.

Оның сөзінше, Қазақстан билігі 2022 жылдың мамыр айынан бері "Алға, Қазақстан" партиясын тіркеу туралы өтініш берген белсенділердің өтініштерін 19 рет кері қаққан.

"Тоқаев жариялаған түзетулердің ешқайсысы саяси партияларды тіркеу процесін жеңілдеткен жоқ. Оларды әншейін сайлауға қатыстырмайды. Қазір "Көше партиясы" оппозициялық қозғалысының жетекшісі Қайрат Қылышек сияқты ондаған оппозиция белсендісі түрмеде отыр" деді Барлық Меңдіғазиев.

Қазақстан билігі әзірге белсендінің мәлімдемесіне реакция білдірмеді.

Барлық Меңдіғазиевтің бауыры – 56 жастағы Бекежан Меңдіғазиев "ақша жымқыру" бабы бойынша 2021 жылдан бері Қазақстан түрмесінде отыр. Барлық Меңдіғазиев 2021 жылы бауыры ұсталғаннан кейін Азаттыққа бауырының қудалануын өзінің құқық қорғау қызметімен байланыстыратынын айтқан. Оның пікірінше, жақынын ұстау арқылы билік оған қысым жасауға тырысқан.

Бекежан Меңдіғазиев, Қайрат Қылышев пен Марат Жыланбаевты қазақстандық құқық қорғаушылар "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген. Жақтастары үшеуі саяси себеппен қудаланып отыр деп санайды.

Қазақстан билігі елде саяси қудалау барын мойындамайды. Бұған дейін тіркеле алмай жүрген партиялар туралы сұраққа жауап берген әділет министрі Азамат Есқараев "біз саяси субъект емеспіз, тек заңның орындалуын қадағалаймыз" деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG