Accessibility links

"Кемел Тоқаев туралы шарадан кейін қысым басталды". ҚазҰУ оқытушысы "жұмыстан қуылғанын" айтты. Оқу орны жоққа шығарады


Қазақ ұлттық университеті ғимараты.
Қазақ ұлттық университеті ғимараты.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы Дастан Қастай жұмысынан «себепсіз» қуылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша журналистика факультетінде Кемел Тоқаевтың атындағы аудиторияның ашылуынан кейін оқытушыларға жаппай қысым басталған. Ал оқу орны оқытушыны жұмыстан шығарғанын растамады.

Дастан Қастайдың пікірінше, басшылықтың шүйлігуіне әлеуметтік желіде ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың әрекетін сынап, пікір жазуы түрткі болған. Ол шара кезінде ректордың Азаттық журналисінің қолын қайырып, микрофонды өзіне бұрғанын «ұнамсыз әрекет» деп пікір қалдырған. Пікірді кейін ректордың көмекшілері көріп, өшіруге бұйырған.

Азаттыққа жеткен ақпарат бойынша, оқу орны басшылығы жазушы Кемел Тоқаев атындағы аудитория ашылатын кезде оқытушылардың тізімін жазып, шараға қатысуды міндеттеген. Шарадан соң ректордың баспасөз хатшысы оқытушы құрамды әлеуметтік желіде сол шара туралы жағымды жазба қалдыру туралы тапсырма берген.

- Мен ондай науқандарға қатыспайтынымды, міндетім тек сапалы сабақ беру екенін ескерттім. Бірақ жазушының шығармашылығын құрметтеймін, ол туралы эссе де жаздым,- дейді ол Азаттыққа.

Ол оқу орнына биыл қыркүйекте жұмысқа қабылданғанын, ол кезде өзін қабылдағаны туралы бұйрық та шықпағанын айтады. Сәйкесінше, "жұмыстан шығару туралы бұйрық та жоқ" дейді ол.

Оқытушы 7 қазанда Facebook парақшасында өзін қолдаған студенттердің жазбаларының скриншотын да жариялады.

7 қазанда журналистика факультеті деканының міндетін атқарушы Мәншүк Мұқашева Азаттыққа «Қастайды ешкім жұмысынан қуған жоқ» деп, оқытушыларға қысым жасалғанын мойындамады.

- Керісінше, жақында Дастан Қастайдың жұмысқа қабылданғаны туралы бұйрыққа қол қойдым. Шығарылғаны туралы бұйрық болған жоқ, - деді ол.

Қастайдың сөзінше, 5 қазан күні құжаттарын қолына ұстатқан. Есімін атамауды өтінген әріптесі да Қастайдың сөзін растады.

- Университет басшылығы 4 қазан күнгі шараға тәуелсіз БАҚ-тың келуіне факультет оқытушыларын кінәлайды. Содан кейінгі екі күн бойы «Азаттық, Masa Media, Qazaq Times журналистерін кім шақырды, кім кіргізді?» деп, бәрін тергеп жатыр. Менен де күдіктенеді, - дейді Қастай.

Оқытушыларға мұндай қысым болғаны туралы ақпараттың рас-өтірігін анықтау мүмкін болмады. Қауіпсіздігі үшін есімін атамауды сұраған кей қызметкер қысым болғанын растады. ҚазҰУ баспасөз хатшысы Қаншайым Байдәулет Азаттық қоңырауына да, хабарламасына да жауап бермеді.

Жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қастайдың желідегі жазбасының астына ҚазҰУ басшылығымен бұл туралы сөйлесу үшін кездесетінін жазған.

"Сіздің мәселеңізді бақылауыма алдым. Бүгін университет басшылығымен кездесу өткіземін және мәселенің оң шешілуі үшін ат салысамын" деп жазды Саясат Нұрбек.

Ізінше ол "Дастан Қастайдың ашық хатына байланысты оқу орда басшылығымен тікелей байланысқанын" және "қудалауға болмайтыны жөнінде кеңес бергенін" жазды.

"Қазіргі уақытта Дастан Қастай бауырымыздың жұмыстан шығарылғаны туралы бұйрық жоқ екендігін және журналистика факультетіндегі қызметін жалғастыра беретіндігін баршаңызға қуынашпен жеткіземін" деп жазды министр.

4 қазан ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде өткен жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына арналған шараға Азаттық журналисі де барған. Университет ректоры Жансейіт Түймебаевқа сұрақ қоймақ болған Азаттық журналисіне университет қызметкерлері күш көрсетті. Журналисті қызметкерлеріне күшпен ұстатқызып, «сұрақтан қашып кеткен» Түймебаев көп өтпей оралып, «жеке басқа табыну» туралы сұраққа жауап берген.

4 қазанда Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Кемел Тоқаев атындағы аудиторияның ашылуы өтті. Одан бөлек "Детектив дарабозы" кітабының тұсаукесері болды.

Кей сарапшылар кейінгі кезде елде президенттің әкесі Кемел Тоқаевты ұлықтайтын шаралар жиілеп кеткенін айтып, Назарбаев тұсында кеңінен етек алған “жағымпаздану жарысы” қайта басталды деп санайды. Бір күн бұрын мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Тоқаевтың әкесінің құрметіне аудитория ашуды "жағымпаздық деп санамайтынын" айтқан. Бұған дейін кейбір Телеграм-арналар "кемелдену" тенденциясы туралы жазған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG