Accessibility links

Путин Мирзияевпен кездесу кезінде Өзбекстанды Дағыстанмен шатыстырды. Ол Орталық Азияға газ жеткізе бастайтынын мәлімдеді


Ресей президенті Владимир Путин және Өзбекстан басшысы Шавкат Мизияев. Мәскеу, 6 қазан 2023 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин және Өзбекстан басшысы Шавкат Мизияев. Мәскеу, 6 қазан 2023 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин 6 қазанда Кремльде Шавкат Мирзияевпен кездесу кезінде Өзбекстанды Ресей Федерациясы құрамындағы Дағыстанмен шатыстырып алды. Путин "Ресей-Дағыстан" байланысын дамытқаны үшін Мирзияевке алғыс айтты.

Ресейдің мемлекеттік ТАСС агенттігі таратқан видеода Путиннің Мирзияевке қайрылып "Ресей-Дағыстан байланысын дамытуға жеке қатысқаныңыз үшін алғыс айтқым келеді" деді.

Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, кейін Путиннің баспасөз қызметі Кремль сайтындағы стенограммада "Дағыстанды" "Өзбекстанға" өзгерткен.

Кремль әлеуметтік желідегі парақшаларында бұл сәттен видео жарияламады.

Бұған дейін Путин Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмонның атын айтқан кезде шатысқан.

Өзбекстан және Ресей президенттерінің баспасөз қызметтері бұған түсініктеме бермеді.

Мирзияев Ресейге Владимир Путин 71 жасқа толған шақта барып отыр. Путиннің туған күнінде ТМД жетекшілерінің Мәскеуде жиналуы "дәстүрге" айналып барады. Алдыңғы кездесулер ТМД, ҰҚШҰ және Еуразия экономика одағы аясында басшылардың кездесуі форматы аясында өткен.

Путинмен кездесу кезінде президент Мирзияев екі ел арасында стртагиялық әріптестік жалғасып жатыр және Өзбекстан мен Ресей арасында "шешілмеген мәселе жоқ" деп мәлімдеді.

Кремльдегі келіссөзден кейін өткен пресс-брифингісі кезінде Путин 7 қазанда Ресей, Өзбекстан және Қазақстан басшылары Ресей газын Қазақстан арқылы Өзбекстанға тасымалдауға арналған салтанатты рәсімге қатысатынын айтты. Путиннің айтуынша, "Ресей газы бұрын-соңды Орталық Азияға тасымалданбаған".

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Еуропа елдері Ресей газынан бас тартып, Ресей газын өзге елдердің көгілдір отынына алмастыра бастаған.

5 қазанда "Валдай" пікірталас клубының отырысында Владимир Путин осы айдан бастан Ресей Өзбекстанға газ тасымалдай бастайтынын мәлімдеген.

Бұған дейін Өзбекстан энергетика министрлігі 1 қазаннан бастап Ресей газы келе бастайтынын хабарлаған. Алайда Қазақстан энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев 4 қазанда журналистерге берген сұхбатында Қазақстан Ресей газын Өзбекстанға тасымалдауды кейін бастайды деп мәлімдеген. Оның сөзінше, процесс осы айдың соңында жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін басталады.

Бұған дейін маусымның ортасында Ташкент "Газпроммен" табиғи газды жеткізу бойынша екі жылдық келісімге қол қойған. Келісімге сәйкес, газ Ресейден Өзбекстанға Қазақстан арқылы "Орта Азия – Орталық" газ құбыры арқылы тасымалданады, жылына шамамен 2,8 млрд текшеметр газ жеткізіледі.

Бұрын өзбек жағы кремльшіл ақпарат құралдары жазған Ресей, Қазақстан және Өзбекстан арасындағы "газ одағы" жөнінде интерпретацияны кері қаққан. Өзбекстан газ саласында келісім тек коммерциялық келісімге ғана негізделеді деп мәлімдеген.

Ресми Ташкент Украинадағы соғысқа қатысты бейтараптық ұстанады. Алайда Ташкенттегі батыс дипломаттары мен сарапшылары бұл "бейтараптық" Киевке қарағанда Мәскеуге жақын екенін айтады. Соғыс басталғалы бері Шавкат Мирзияев Украина туралы жақ ашпаған және Украина басшысы Владимир Зеленскиймен тілдеспеген.

XS
SM
MD
LG