Accessibility links

"Адам болса – бап та табылады". "Әуежайды басып алу" ісінің апелляция сотынан репортаж


Белсенді Әйгерім Тілеужанова (сол жақта) Қаңтар оқиғасы кезінде "Алматы әуежайын басып алғандар" ісі бойынша өзіне шығарылған сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 11 шілде, 2023 жыл
Белсенді Әйгерім Тілеужанова (сол жақта) Қаңтар оқиғасы кезінде "Алматы әуежайын басып алғандар" ісі бойынша өзіне шығарылған сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 11 шілде, 2023 жыл

Алматы қалалық соты Қаңтар оқиғасы кезінде "әуежайды басып алған" деген айыппен сотталған белсенді Әйгерім Тілеужанова, бұрынғы мұғалім Қалас Нұрпейісов, қала тұрғындары Нұрлан Далыбаев, Ермұхамет Шилібаев пен Жан-Айдар Кәрменовтың сот үкіміне берген апелляциялық шағымын қарап жатыр. 10 қазандағы онлайн сот отырысына Zoom қосымшасымен Азаттық тілшісі де қатысты.

10 қазанда Алматы қалалық сотында Қаңтар оқиғасы кезінде "әуежайды басып алу" ісі бойынша шығарылған үкімге қарсы аппеляциялық шағымды қарастыру жалғасты. Бұл іс бойынша азаматтық белсенді Әйгерім Тілеужан, бұрынғы мұғалім Қалас Нұрпейісов, сондай-ақ Алматы қаласының тұрғындары Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамед Шілібаев және Жанайдар Кәрменов сотталған болатын. Отырыс ZOOM онлайн-платформасында өтті.

"Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайын басып алған" деген айып тағылған адамдарға сот үкімі биыл 11 шілде күні шыққан. Кәсіби аудармашы, журналист, наразылық акцияларына қатысып жүрген белсенді 38 жастағы Әйгерім Тілеужан 4 жылға бостандығынан айырылды. Сот оған әуежайда "тәртіпсіздік ұйымдастырған" деген айып тақты. Азаматтық көзқарасын ашық білдіріп жүрген мектеп мұғалімі Қалас Нұрпейісов пен алматылық Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамед Шілібаев пен Жанайдар Кәрменов сегіз жылға түрмеге қамалды. Оларға "тәртіпсіздік ұйымдастырған", "ғимаратқа шабуыл жасаған", "көлік ұрлаған" және "ұрлық жасаған" деген айып тағылды.

Үкім жария болған кезде-ақ сотталушылар келіспейтінін мәлімдеп, кейін апелляциялық шағым түсірген. Олар 2022 жылғы 5 қаңтарда әуежайда болғанын мойындады. Бірақ терминалды және басқа да нысандарды тонамағанын, әуежайға "шетелдік сарбаздар келмекші" дегенді естіп барғанын, ешқандай тәртіпсіздікке қатыспай, жарты сағаттан кейін ол жерден кетіп қалғанын айтқан.

Сотталғандардың шағымы қыркүйек айының ортасында ғана қарала бастады. Содан бері апелляция соты осымен үшінші отырысын өткізді.

Сот жиыны ZOOM пратформасында онлайн өтіп жатыр. Оған адвокаттар да, қорғалушылар да қарсы болған. Өткен отырыстарда қорғаушы тарап процессті офлайн-режимде өткізу туралы өтініш жазды. Бірақ сот оны қабылдаған жоқ.

"Алматы әуежайын басып алу" ісі бойынша сотталған (солдан оңға қарай) Нұрлан Дәлібаев, Қалас Нұрпейісов пен Жанайдар Кәрменов апелляция сотына Zoom қосымшасымен онлайн қатысып тұр. 10 қазан, 2023 жыл
"Алматы әуежайын басып алу" ісі бойынша сотталған (солдан оңға қарай) Нұрлан Дәлібаев, Қалас Нұрпейісов пен Жанайдар Кәрменов апелляция сотына Zoom қосымшасымен онлайн қатысып тұр. 10 қазан, 2023 жыл

Бұл жолғы отырыста әуелі адвокат Абзал Айдархановтың өтініші оқылды. Ол бірден істі қарауды тоқтатуды сұрады. Себебі апелляциялық шағымды қарастыратын алқаның құрамында Людмила Бектемірова бар деді адвокат. 2021 жылы президент Тоқаев Бектемірованы қала судьясы қызметінен босатып, ол отставкаға кеткен болатын. Сондай-ақ оның қайта тағайындалғаны туралы бұйрық жоқ.

Сөйтсе, "Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі" туралы заңға сәйкес "судья уақытша болмаған жағдайда сот төрелігін іске асыру үшін алты айдан кем емес уақытқа судья лауазымында болудың шекті жасына толмаған отставкадағы судьялар тартылады" екен.

Абзал Айдарханов осы тармақты заңсыз деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық сотқа жүгінуді талап етті. Бірақ апелляциялық сот адвокаттың талабын орынсыз деп тауып, өтінішін қабылдамады және ол конституциялық сотқа өз бетімен жүгіне алатынын, ал "қазіргі уақытта алқа құрамында отставкадағы судьяның болуы заңға қайшы келмейтінін" жеткізді.

Әуежай ісімен сотталғандар сот пен прокурорға сенімсіздік білдірді
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:39 0:00

"АУДАРМАШЫНЫҢ ДАУСЫН ӨШІРІП ТАСТАДЫ"

Апелляциялық шағымды қараған сот отырысы орыс тілінде өтіп жатыр. Процесске қатысушылардың бір бөлігі тек мемлекеттік тілде сөйлейтіндіктен, оған аудармашы да қатысып отыр. Сотталушылардың адвокаттары аудармашы процесс барысында айтылғанның бәрін қазақ тіліне аудармайтынын бірнеше рет байқап қалды. Бір кезде ер адам бейнеконференциядан мүлде жоқ болып кетті.

– Аудармашының даусын өшіріп тастады, – деді оны байқаған Әйгерім Тілеужан.

– Аудармашы, осы бөлімге түсіндірмені тағы бір рет қайталаңызшы, – деп өтінді судья.

– Оның, аудармашының даусы өшіп тұр, – деп қайталады Тілеужанова.

– Аудармашы желіде жоқ... Мен [орысша] түсінбеймін, түсіндіріңіздер, – деді сотталушы Ермұхамед Шілібаев.

– Аудармашының интернетінде кінәрат бар сияқты. Бізде бәрі дұрыс, бір-бірімізді естіп отырмыз. Оның микрофон қосуға рұқсаты бар. Күтейік, – деді техникалық қолдау бөлімінің өкілі.

– Осылай уақыт созады. Сосын ештеңе түсінбейміз, – деп ойын айтты Қалас Нұрпейісов.

Аудармашыны бірден алмастырған жоқ, процесс 20-30 минуттай аудармашысыз жалғасты. Ол алмастырылғаннан кейін де соттың сөзі аударылған жоқ. Адвокаттардың ескертуіне судья "отырыста тәртіп жоқ", сөйлеушілер кезек сақтамайды, аудармашының айтылғанды аударуына кедергі жасайды деген сияқты сылтаумен жауап қатты.

"ЕШҚАНДАЙ ӨЗГЕРІС БОЛМАЙДЫ"

Отырыста Әйгерім Тілеужан іс материалдарымен танысуға қатысты өтініш білдірді. Соның ішінде оған 1 – 64 томдар керек екенін айтты. Ол бірінші сатыдағы соттың аудио және видео материалдарымен танысқанын, бірақ әлі қағаз жүзіндегі материалдарды бермегенін айтып шағымданды. Қорғаушы тарап сотта өз сөзінен бас тартқан куәгерлердің айғағындағы қайшылықтарды көрсетуі керек деді. Іс материалдарында олардың бір рет куәгерлік еткен хаттамалары бар, ал бірінші сатыдағы соттың аудио-видео материалдарында куәгерлердің бас тартқаны және қысым көргендіктен куәлік еткенін мәлімдеген жазба бар.

Бұрынғы тарих пәнінің мұғалімі Қалас Нұрпейісов аудио-бейне материалдармен танысу туралы дәл сондай өтініш білдіріп, Ермұхамед Шілібаев пен Нұрлан Дәлібаев та өзіне қосылатынын жеткізді.

Отырыс барысында сотталушылар сөйлеген сайын судья "Кім сөйлеп отыр?" деп сұраумен болды. Бұл сөз ерекше есте қалды. Бәлкім видео конференциядағы сөйлеушілердің суреті кішкентай көлемде болғандықтан, сот экранынан дұрыс көрінбейтінінен шығар.

Сот өтінішке жауап бермегеннен кейін Нұрпейісов, Дәлібаев және Шілібаев өзара сөйлесе бастады.

"Олар бірдеңе айтар дейсің бе? Ештеңе өзгермейтіні бесенеден белгілі ғой", – деді Нұрпейісов.

Аяғында судья сотталушылардың сот материалдарымен танысу туралы өтінішіне қатысты пікір білдірді. Айтуынша, сотталушылар сотқа дейінгі тергеу аяқталғаннан кейін іс материалдарымен танысып, тиісті хаттамаларға қол қойған. Ол жазда өткен бірінші сатыдағы сот алдында болды деді судья.

"БҰЛ ЖЕРДЕ БИЛІГІН АСЫРА ПАЙДАЛАНЫП ОТЫРҒАН БІР АЛАМ БОЛСА, ОЛ – СІЗ"

Қалас Нұрпейісов болған жайттарға қатысты пікірін білдіріп, "жанайқайын" жеткізді.

– Қағаз жүзіндегі материалдармен біз де танысқымыз келеді. Судья мырза, таныстыңдар дейсіз, сот та танысуы керек дейсіз. Бірақ неге араларыңызда сот процесіне қатысуға қақысы жоқ адам отырғанына назар аудармайсыздар. Осындай сұрақтар қойсақ, үнемі мүдіріп қаласыз. Біз сияқты заң білмейтіндер, әрине, сізге ақыл айта алмайды. Бірақ кейінгі уақытта Қазақстан Республикасының негізгі заңы – Конституцияны бұзған прокурорларға қарағанда заңды біз көбірек білетін сияқтымыз. Сіз үшін ол ешқандай күші жоқ, жай қағаз болса: "Құрметті мұғалім мырза, Конституция деген жай ғана шимай қағаз. Оған назар аударма" деп айтыңыз. Бұл менің жанайқайым. Бізді естігіңіз келмейді, Қазақстан Республикасының президенті тайға таңба басқандай жазған заңды, біздің құқығымызды бұзасыз. Ойымды дұрыс жеткізе алдым ба? – деді Қалас Нұрпейісов бар даусымен.

Судья бұл мәселе "шешілді" деді. Ол істің қағаз жүзіндегі материалдарымен танысуға қатысты өтініштер бірінші сатыдағы сотта істі қарау кезінде де, осы уақытқа дейін де Тілеужанова мен басқа қатысушылардан түспегенін айтты.

Тілеужанова өтінішті бірінші сатыдағы сотқа да, апелляция алқасына да жібергенін және қолында хаттың шығыс нөмірлері барын айтты. Судья болса, "Тілеужанова іс материалдарымен танысамын деп өтінішін жолдау арқылы өзінің процессуалды құқығын асыра пайдаланып отыр" деп мәлімдеді.

– Өз басым шыдамдылық танытып келемін. Сондықтан «асыра пайдаланды» деген сөзді қолданбауыңызды сұраймын. Шынымды айтсам, бұл жерде өз өкілетін асыра пайдаланған бір адам болса, ол – сіз. Менің оған қақым бар, сондықтан өтініш білдірдім, – деп жауап берді Тілеужанова.

Сотталушы Жанайдар Кәрменов те адвокаты екеуі өтініштерінің шығыс нөмірін беруге дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол қандай бір сұрақ туындаған уақытта жауап бермей, жұмысына салғырт қарайтын мекеме қызметкерлеріне қатысты шағымы барын айтты.

"Медицина туралы тіптен айтпай-ақ қояйын. Ол атымен жоқ. Бұл жерде жалпы ешқандай жағдай жоқ. ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз, бірақ біз қайдағы бір жерде отырмыз", – деді Кәрменов.

Ал Ермұхамет Шілібаев мекеме қызметкерлері оған Бас прокуратураға жүгінген өтінішінің шығыс нөмірлерін мүлде бермегенін жеткізді.

"Біз шығыс нөмірін бермей жатыр деп бірнеше рет арыз жаздық. Қағаздар жоғалып кете береді", – деп оның сөзін Нұрейісов те растады.

Апелляциялық сот олардың іс материалдарының қағаз жүзіндегі нұсқасын беру туралы өтініштерін қанағаттандырған жоқ.

"Режимнің күні аяқталуға тағы бір қадам жасалды". "Әуежай ісі" бойынша үкімге реакция
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:48 0:00

"БАР КІНӘ ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫНДА"

Өтініштер айтылғаннан кейін сот апелляциялық шағымдарды тыңдауға көшті. Осы отырыста тек Әйгерім Тілеужанованың адвокаттары ғана шағымын оқи алды. Айнара Айдарханованың айтуынша, қорғаушы тарап шығарылған үкіммен толық келіспейді және оның күшін жою керек деп есептейді.

Адвокат Айдарханованың пікірінше, бұл қылмыстық іс бойынша бар кінә "ішкі істер органдарында". Ол Тілеужанованың Қалас Нұрпейісовпен бірге жоспар құруы және әуежайды "басып алуды" ұйымдастыруы мүмкін емесін алға тартты. Өйткені 3 қаңтарда Тілеужанова 15 күнге әкімшілік қамауға алынып, 5 қаңтарда кешке мекеме қызметкерлері оны себепсіз босатып жіберген.

– Сот оның бірде-бір рет агрессия көрсетпегенін, құқықтық тәртіп қызметкерлерімен арасында ешқандай қақтығыс болмағанын, ешкімге қысым көрсетпегенін, ешқандай кедергі жасамағанын, бірде-бір қару болатындай зат ұстамағанын ескерген жоқ. Керісінше, Тілеужанова тәртіп сақтап, басқаларға да тәртіп сақтауын, ештеңені қиратпай, ұрмай-соқпай, қиратпай тыныш жүруін, ғимараттың мүлігіне ұқыппен қарауын өтінген, – деді Айдарханова.

Сондай-ақ, адвокат осы қылмыстық істі тергеу кезінде куәгерлерден алынған жауаптар туралы да сөз қозғады. Оның айтуынша, сотқа дейінгі тергеу барысында куәлік берген 14 куәгер қаңтардан бастап қыркүйекке дейінгі алғашқы жауаптарында Тілеужанованың тұлғасына қатысты сипаттама бермеген, Тілеужанованың іс-әрекеті мен әуежайда болғаны жайында айтпаған, оны белсенді қатысушы ретінде көрсетпеген. Дегенмен оларға 2022 жылғы 5 қаңтарда әуежайда болған және топқа жетекшілік еткен адамдарға қатысты сұрақтар қойылған.

Ол соттағы куәгерлер бірқатар өрескел кемшіліктер болғанын хабарлады деп айтты. Мәселен, тергеу тіліне қатысты адамдардың құқығы бұзылған, қорғаушылар болмаған, құқықтарын түсіндірмеген, тергеушілер қысым көрсеткен. Тіпті куәгерсіз жауап алған.

Сот барысында Айнара Айдарханова прокуратураның өтініші туралы да айтты. Онда қадағалау ведомствосы сотталушылардан 414 млн теңге шығынның орнын толтыруды талап еткен. Әуежай ғимаратындағы дүңгіршіктерді жалға алған кәсіпкерлердің шығыны осындай сома деп есептелген.

"АДАМ БОЛСА – БАП ТА ТАБЫЛАДЫ"

Айта кетсек, Алматы әуежайын "басып алған" күні жалпы келтірілген шығын 735 миллионнан астам теңгеге бағаланған:

  • "Халықаралық Алматы әуежайы" АҚ – 313 853 654 теңге;
  • "Эйр Астана" АҚ – 5 617 251 теңге;
  • SCAT АҚ – 1 436 759 теңге;
  • 42 кәсіпкерлік субъектісі – 414 113 533 теңге.

Адвокат бұл өтінішке қарсы екенін айтты. Оның пікірінше, сотталушылар мерзімінен бұрын босап шығу құқығын пайдалана алмауы үшін шығынды мойынына іліп, жағдайды ушықтырғысы келеді.

Тлеужанованың өзі адвокаттар апелляциялық шағымдар туралы айтқанда көп сөйлеген жоқ.

"Бұл елде адам табылса, оны соттайтын бап та табыла кетеді", – деді ол. Өзі апелляциялық сотқа сенбейтінін жеткізді.

Қалған сотталушылардың адвокаттары шағымын жеткізген жоқ, өйткені олар отырыстың қалған 30 минутында сөйлеп үлгермес те еді. Әйгерім Тілеужанованың өзі отырыстың уақытын шегеру туралы өтініш білдірді.

Ол тергеу изоляторында маса мен түрлі жәндік көп екенін, күн батып, камерада жарық жанғаннан кейін "талап тастайтынын" айтты. Басқа сотталушылар да изоляторда маса көп екеніне шағымданды.

Сот отырысты 20 қазанға шегерді.

– Ешқандай да Жаңа Қазақстан жоқ. Істеп отырғандары әділетсіздік! Қанша жыл берсе де – төрт жыл ма, одан да көп пе, – бәрібір бас имеймін, тізе бүкпеймін! Күресті жалғастырамын, – деп мәлімдеген Әйгерім Тілеужан 11 шілде күні үкім оқылғаннан кейін.

XS
SM
MD
LG