Accessibility links

Египет Газа секторынан келетін босқындарға гуманитарлық дәліз ашудан бас тартты


Газа секторы. 11 қазан 2023 жыл.
Газа секторы. 11 қазан 2023 жыл.

Египет Газа секторындағы босқындарға гуманитарлық дәліз ашудан бас тартты, бірақ гуманитарлық көмек жеткізу үшін өз шекарасын пайдалануды талқылады. Бұл туралы Египеттің қауіпсіздік органдарындағы дереккөзге сүйенген Reuters агенттігі жазды.

Агенттікке сұхбат берген дереккөздің айтуынша, Египет Газа секторының бейбіт тұрғындарына қауіпсіз дәліз ашудан бас тартуының себебін "палестиналықтардың өз мәселесі мен жерін қорғау құқығын қорғау үшін керек" деп түсіндірген. БҰҰ-ның 12 қазан таңертеңгі мәліметінше, Газа секторында 339 мың адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған, басым бөлігі мектептерді тасалап жатыр.

Бұған дейін АҚШ мұндай дәліз идеясы Израиль мен Египет арасында талқыланғанын айтқан еді. Дәліз ашуға гуманитарлық топтар мен Еуропа Одағының ресми өкілдері шақырған.

Сәрсенбі, 11 қазанда БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш "Газаға жанармай, азық-түлік және су жеткізілуі керек" деді. Reuters дереккөздерінің хабарлауынша, гуманитарлық дәліз идеясы Египет, АҚШ, Қатар мен Түркия арасындағы келіссөзде талқыланған. Кейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған көмекті жеткізу бойынша жұмыс басталғанын айтты, бірақ нақты қандай көмек екені белгісіз.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен "тағы бір үлкен соғысқа жол бермес үшін" үшін аймаққа ұшып барды. CNN жазуынша, ол Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху және Палестина президенті Махмуд Аббаспен кездесуді жоспарлап отыр.

ХАМАС шабуылынан кейін Израиль Газа секторына қарымта шабуыл жасап, электр, жанармай және су беруді тоқтатты. Газа секторындағы жалғыз электр станциясы жанармайдың жоқтығынан істемей қалды. Сенбіден бері Палестина ауруханаларында жараланғандар саны көп екені айтылды.

Кейінгі мәліметке қарағанда, ХАМАС-тың Израильге шабуылы салдарынан елде 1300-ден астам адам қаза болған, Газа секторында ХАМАС шабуылына жауап берген Израильдің соққысынан қаза болғандар 1200-ден асқан. Екі жақтан әрқайсысында 9 мыңнан астам адам жараланған.

ХАМАС тобы 130 адамды кепілдікте ұстап отырғанын айтты. Израиль энергетика министрі ұрланған израильдіктер үйлеріне қайтпайынша "бірде-бір сутартқыш ашылмайды" деп мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG