Бұрын Twitter деген атпен белгілі болған, қазір X деп аталатын әлеуметтік желісі Палестинаның радикалды қозғалысы ХАМАС-қа қатысы бар жүздеген аккаунт пен аталған топтың Израильге шабуылы туралы ондаған мың хабарламаны өшірді. Бұл жөнінде платформаның бас директоры Линда Яккариноның Еуроодаққа жіберген жауабында айтылады.
25 тамызда Еуроодақта әлеуметтік желілерді жариялайтын контенттерін мұқият модерациялауға міндеттейтін цифрлық қауіпсіздік туралы заң күшіне енген. 10 қазанда Еуроодақтың ішкі сауда мәселелері жөніндегі комиссары Тьерри Бретон X иесі Илон Маскке қайырылып, атаған заңды Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты пайдалануды талап еткен.
Шенеунік хатта ЕО-да аталған желі "заңсыз контент пен жалған ақпаратты тарату үшін қолданылады деп айтуға негіз бар" деп жазған. Бұл заңды бұзғандарға кіріс айналымының 6 пайызына дейін айыппұл салынады, ал X жағдайында бұл көрсеткіш жүздеген миллион долларға дейін барады.
Яккарино жауабына сүйенсек, Израильге шабуылдан кейін әлеуметтік желіде жағдайға реакция білдіру үшін жедел штаб құрылған. Олар аккаунттар мен хабарламаларды жойып қана қоймай, ондаған мың твитті жалған ақпаратпен күресетін контекспен толықтырған.
"Х желісінде террористік ұйымдар немесе күш көрсететін экстремистік топтарға орын жоқ" деп жазылған хатта.
ХАМАС Еуроодақ пен АҚШ-та террористік ұйым деп танылған. Десе де, бұл ұйым Палестина аумағындағы негізгі екі саяси күштің бірі және де-факто Газа секторындағы билікті ұстап тұр.
Кейінгі мәлімет бойынша, Израильде ХАМАС шабуылынан 1300-ден астам адам қаза болып, шамамен 3300 адам қардап шеккен. Газа секторында жергілікті биліктің хабарлауынша, Израильдің қарымта шабуылының салдарынан 1417 адам өлтірілген, 6200-ден астам адам зарда шеккен.