Accessibility links

Тоқаев Бішкектегі саммитте: Қазақстан қазақ тілінің мәртебесін күшейту саясатын жалғастыра береді


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД басшылары саммитіне қатысу үшін Бішкекке келген сәт. 13 қазан 2023 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД басшылары саммитіне қатысу үшін Бішкекке келген сәт. 13 қазан 2023 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекте ТМД-ға мүше елдер басшыларының саммитінде орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру туралы шартқа қол қойылатынын "тарихи шешім" деп айта келе, "Қазақстан қазақ тілінің мәртебесін күшейту саясатын жалғастыра береді" деп мәлімдеді.

Тоқаев орыс тіліне қатысты халықаралық ұйымды "дербес халықаралық құрылымға айналады, құқық субъектісі ретінде танылады, ұйым барлық ел үшін ашық болады" деп сипаттады.

"Орыс тілін ТМД кеңістігінде және одан әлдеқайда кеңірек халықаралық ауқымда насихаттау үшін қабылданып жатқан шаралар елдеріміздің ұлттық бірегейлігін нығайту үрдісіне кері әсер етпейді" деді ол. Тоқаевтың бұл сөзін Ақорда сайты таратты.

Қырғызстандағы саммитке Тоқаевтан бөлек Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров, Ресей президенті Владимир Путин, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон, Әзербайжан президенті Илхам Әлиев, Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Беларусьтегі режимнің басшысы Александр Лукашенко қатысып жатыр.

Тоқаев бір жыл бұрын Санкт-Петербургте ТМД елдері басшыларының бейресми саммитінде ТМД жанынан орыс тілін қолдау және дамыту бойынша халықаралық ұйым құруды ұсынған. Бұл ұсынысты Путин қолдаған еді.

Тоқаев бұл ұсынысын Ресейде Қазақстандағы орыс халқы мен орыс тілінің жағдайы туралы әртүрлі деңгейдегі талқылаулар күшейген тұста жасаған еді.

Ресейлік саясаткерлер "Қазақстан орыс тіліне қысым жасалып жатыр" деп оқтын-оқтын мәлімдеме жасап, Қазақстандағы қазақ тілді белсенділердің әрекетін және тілге қатысты заңдарды жиі сынға алады.

Былтыр 25 қазанда Тоқаев Республика күніне орай өткен жиында "қазақ тілі мәңгілік тұғырында болатынын айта келе", тіл мәселесін "саяси құрал жасауға болмайды" деген еді.

Кейінгі уақытта қазақстандықтар қоғамдық орындарда, кафелерде, қызмет көрсету салаларында тұтынушы ретінде қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап ете бастағаны байқалады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG