Accessibility links

Иран Израиль-ХАМАС соғысына араласуға дайын екенін мәлімдеді


Иран билігі егер Газа секторын атқылау тоқтамаса, Израиль мен ХАМАС арасындағы соғысқа араласуға дайын екенін мәлімдеді. The Jerusalem Post басылымының жазуынша, Тегеранның ескертуі Израильге БҰҰ арқылы жеткізілген. Израиль әскери басшылары Иран араласса, Ливанның оңтүстігі мен Сириядағы "Хезболла" радикалды тобы соғыста "екінші майдан" ашады деп күдіктенеді.

Сенбі күні Иран сыртқы істер министрі Хоссейн Амирабдоллахиан Бейрутте БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы жағдайды бейбіт реттеу жөніндегі үйлестірушісі Тор Веннесландпен кездескен. Иран министрі бұдан кейін ХАМАС жетекшілерінің бірі Исмаил Ханиямен де кездесу өткізген. Ол ХАМАС шабуылын "палестиналықтардың жерін қайтару ісіндегі тарихи жеңіс" деп атап, аталған топпен ынтамықтастықты жалғастыруға уәде берген.

"Егер әскери қылмыс пен Израильдің геноциді дереу тоқтатылмаса, жағдай бақылаудан шығуы мүмкін және оның салдары ұзақ жылға созылады, оған БҰҰ мен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі жауапты болады" деп жазды Иранның БҰҰ-дағы өкілі X желісінде.

Израильдің БҰҰ-дағы өкілі Гилад Эрдан Веннесландтың Иран министрімен кездесуін айыптап, БҰҰ өкілі Иранды радикалды топтарды қолдағаны үшін айыптамады деп сөкті.

"Оның қолын алғаннан кейін қолыңыздан Израиль нәрестелерінің қанын жууды ұмытпаңыз" деп жазды ол.

Израиль Газа секторындағы ХАМАС содырларын жою бойынша құрлық операцияларына дайындықты жалғастырып жатыр. Газа секторындағы бейбіт тұрғындарға Египетпен жақын шекараға кетуге кеңес берілген. Ондаған мың адам үйлерін тастап кеткен. Египет жағында Газа секторымен шекарада гуманитарлық жүк тиеген колонналар тұр, алайда Египет жалғыз өткізу пунктін ашқан жоқ.

Израиль өз жағынан Газа секторына гуманитарлық дәлізді 15 қазан сағат 10-13 аралығында ашатынын мәлімдеді.

АҚШ Израиль жағалауына екінші авиатасымалдағыш топты жіберді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG