Accessibility links

Қазақстан СІМ Израильде жоғалған қазақстандықтар туралы ақпаратты терістеді


Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Израильде жоғалған қазақстандықтар туралы ақпаратты терістеді.

Бұған дейін интернетте ХАМАС Израильге шабуыл жасағаннан кейін қанша елдің азаматы жоғалғаны немесе қаза болғаны туралы таблица жарияланған. Таблицада жоғалғандар немесе қаза болғандар арасында "бір қазақстандық бар екені" жазылған.

"Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Израиль билігі сол таблицада жіберген қателіктері үшін кешірім сұрады" деді Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров 15 қазанда Азаттыққа.

11 қазанға қараған түні Тель-Авивтен Алматыға 166 жолаушы жеткізілген, 124-і – қазақстандық. Апта басында Қазақстан СІМ-нің өкілі Израильде 400-ден астам қазақстандық болуы мүмкін екенін мәлімдеген.

Көп елде террористік ұйым деп танылған ХАМАС және "Ислам жиһады" топтары 7 қазанда Газа секторынан Израильге шабуылдаған. Бұған жауап ретінде Израиль "Алмас қылыш" операциясын бастап, Газаға шабуылдаған.

Кейінгі мәлімет бойынша, жиһадшылардың шабуылы салдарынан Израильде 1300-ден астам адам опат болған. Палестина жағы Израильдің жауап соққысынан 2200-ден адам өлгенін мәлімдеді. ХАМАС шамамен 200 адамды кепілдікте ұстап отыр деп айтылады.

XS
SM
MD
LG