Accessibility links

Израиль әскері ХАМАС қолбасшыларының бірін өлтіргенін хабарлады


Израиль әскері (ЦАХАЛ) жексенбі, 15 қазанға қараған түні Газа секторына әуе соққысы нәтижесінде ХАМАС радикалды тобы қолбасшыларының бірі Біләл әл-Кедр өлтірілгенін хабарлады.

ЦАХАЛ оны Израильдің оңтүстігіндегі Нирум кибуцындағы шабуылға жауапты адам ретінде атады. Осы елді мекеннің маңында 7 қазанда музыка фестивалі өткен. ХАМАС оған қатысқан шамамен 200 адамға шабуылдаған.

Әл-Кедрден бөлек, ХАМАС пен "Ислам жиһады" топтарының өзге де өкілдері өлтірілген.

ЦАХАЛ-дың хабарлауынша, сенбі күні кешке және жексенбіге қараған түні Израиль армиясы Газа секторындағы жүзден аса әскери нысанға шабуылдаған. "Ислам жиһады" тобының басқарма пунктеріне соққы жасалған.

Көп елде террористік ұйым деп танылған ХАМАС және "Ислам жиһады" топтары 7 қазанда Газа секторынан Израильге шабуылдаған. Бұған жауап ретінде Израиль "Алмас қылыш" операциясын бастап, Газаға шабуылдаған.

Кейінгі мәлімет бойынша, жиһадшылардың шабуылы салдарынан Израильде 1300-ден астам адам опат болған. Палестина жағы Израильдің жауап соққысынан 2200-ден адам өлгенін мәлімдеді. ХАМАС шамамен 200 адамды кепілдікте ұстап отыр деп айтылады.

Бір күн бұрын ЦАХАЛ Газа секторындағы әскери іс-қимыл ауқымын арттырып, ірі құрлық операцияларын бастауға дайын екенін мәлімдеген.

Израиль армиясындағы дереккөзге сүйенген Американың New York Times басылымының жазуынша, жаппай құрлық операциялары осы демалыс күндері басталуы тиіс болған, алайда ол бірнеше күнге шегерілген. Оған ауа райының бұлттылығы әсер еткен болуы мүмкін, себебі ондай жағдайда ұшқыштарға ұшу қиын.

XS
SM
MD
LG