Accessibility links

Пекинде Си Цзиньпин өзара көмекті, Тоқаев "Бір белдеу, бір жолды" айтты


Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин 17 қазанда Пекинде келіссөз өткізді. Мұны Қазақстан ресми БАҚ-тары мен Қытайдың орталық телеарнасы (CCTV) көрсетті.

"Әңгіме кезінде Си Цзиньпин Тоқаевты "ескі досым" деп атап, қарқынды дамып келе жатқан Қытай-Қазақстан қатынастары екі елдің дамуына және аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты дамытуға мүмкіндік береді деп мәлімдеді" деп хабарлайды CCTV.

"Халықаралық жағдай қалай өзгергеніне қарамастан Қытай мен Қазақстан әу бастағы мақсатынан айнымай, өзара көмек, тату көршілік тұжырымдамасы мен екі ел арасындағы серіктестікті жан-жақты дамыта беруге тиіс" деген Си Цзиньпин сөзін Reuters агенттігі де таратты.

Ақорданың жазуынша, Қытай билігі Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын және "Тоқаевтың реформаларын" толық қолдайтынын атап өткен.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана мен Пекин барлық бағыт бойынша екі мемлекет тиімді байланыс орнатқанын атап өтіп, "Бір белдеу, бір жол" жобасының тамаша қорытындыларымен құттықтаған.

Тоқаевтың сөзінше, Қытай жетекшісінің былтыр қыркүйектегі Қазақстанға сапары екі ел арасындағы байланысты нығайтуға тың серпін берген.

"Сапар аясында елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың жаңа "алтын 30 жылдығы" басталды. Мемлекеттеріміз арасындағы сауда-саттық табысты дамып келеді. Инвестицияның жалпы көлемі 21 миллиард доллар болатын 52 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. 2024 жыл Қытайда Қазақстан туризмі жылы болып жарияланды" деді Тоқаев.

Ресми ақпаратқа қарағанда, екі тарап энергетика, көлік-транзит саласын, атом өнеркәсібі мен өнеркәсіп, машина жасау мен туризмді дамыту мәселелерін талқылаған.

Ақорда таратқан ақпаратқа қарағанда, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің келіссөзінен кейін екі ел делегациясы Қазақстан мен Қытай арасындағы Транскаспий халықаралық көлік жолын, соның ішінде Қытай-Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыз тасымалын дамыту жөніндегі келісімге қол қойған.

Қазақстан президенті Пекинге 17-18 қазанда өтетін "Бір белдеу, бір жол" форумына қатысу үшін барған. Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" ресми порталының мәліметіне қарағанда, бұл бағдарламаны жүздеген ел қолдаған. Пекин осы бастамасын жүзеге асыру үшін 200-ге жуық келісім жасасқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG