Accessibility links

Ақтөбеде қызылша жұқтырғандар көбейіп барады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ақтөбеде қызылшамен ауырғандар күрт көбейіп, облыстық инфекция ауруханасына науқас сыймай жатыр. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы эпидемиологиялық ахуалға орай «Шағала» шипажайынан тағы 80 кереует дайындаған. Басқарманың хабарлауынша, бүгін яғни, 18 қазанда қызылша жұқтырғандарды жедел жәрдем «Шағала» шипажайына апара бастаған.

- Инфекция ауруханасында қазір 81 адам ем алып жатыр. Оның 68-і – бала. Екі бала реанимацияда, екеуінің де халі ауыр. Одан бөлек аудандық ауруханалардың инфекция бөлімдерінде 15 науқас бар. Ауырып қалған балалардың басым көпшілігі ата-анасының діни көзқарасына, тағы да басқа себептерге байланысты вакцина алмаған, - дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.

Қызылшаның алдын алатын екпе балаға бір жасқа толғаннан кейін салынады. Бала алты жасқа толғанда екінші мәрте егіледі. Қызылша жұқтырғандардың 80 пайызы вакцина алмағанын Ақтөбе облыстық инфекция ауруханасының дәрігерлері де растап отыр.

- Антиваксерлер арасында дін жолын ұстанбайтындар да аз емес. Жоғары білімі бар, лауазымды қызметтегі адамдардың өзі кезінде вакцина салдыртуға қарсы болып, баласының хәлі ауырлағаннан кейін ғана райынан қайтып отыр. Қызылшаның алдын алудың екпе салдыртудан өзге амалы жоқ, - дейді Ақтөбе облыстық инфекция ауруханасының бас дәрігері Мейрамбек Құрманғазин.

Жергілікті эпидемиологтардың мәліметінше, Ақтөбеде қызылша 2023 жылғы ақпан айында тарала бастаған. Алдымен ата-анасымен бірге Түркияда болып келген 6 жасар қыз баланың инфекция жұқтырғаны анықталады. Уақыт өте науқас саны көбейе бастаған. 18 қазандағы дерек бойынша ақпан айынан бері Ақтөбе облысының 828 тұрғынына осы диагноз қойылған.

Дәрігерлер вакцина алғандар арасында да инфекция жұқтырғандар бар екенін айтады. Бірақ олар қызылшаның жеңіл формасымен ауырып, үйден ем алып жүр.

Науқас санының көптігіне қарамастан Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы аймақтағы эпидемиологиялық ахуалды «тұрақты» деп бағалап отыр. Басқарманың болжамынша, аурудың беті қарашаның ортасынан кейін қайта бастауы керек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG