Accessibility links

Семейде "Оян, қазақ" фильмінен кейін қамаудағы оппозиция белсендісі туралы айтқан тұрғын сотқа тартылды


Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының өкілі Елдос Досанов.
Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының өкілі Елдос Досанов.

Семей қаласында тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының мүшесі Елдос Досанов "құқық қорғау орган қызметкерінің заңды талабына бағынбады" деп айыпталып, әкімшілік сотқа тартылды. Полицияның айтуынша, белгісіз біреу Досановты "митингіге шақырды" деп полицияға арыз түсіргеннен кейін полиция оған шақырту қағазын бермек болған, алайда ол одан "бас тартқан". Досанов айыпты жоққа шығарады.

Ақпаратқа қарағанда, 4 қазанда "Оян, қазақ!" фильмінен кейін Елдос Досанов кинотеатрға келушілер алдында сөйлеген.

—Идея жетекшілері туралы фильмнің әсерлі тұсы бар. Фильмнен кейін жәй ғана шығып кете алмадым. "Тарихтың қайталануына жол бермейік" деп Марат Жыланбаев туралы айттым (тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының жетекшісі – ред.) — дейді белсенді.

Осы оқиғадан кейін 17 қазанда оның үйіне полиция қызметкерлері келіп, оның үстінен митингіге шақырды деген арыз түскенін айтқан.

—Митингіге шақырмағанымды айттым. Менің не айтқаным туралы видеожазба да бар, митинг туралы айтқан жоқпын. Олар маған түсініктеме жазу керектігін айтты. Оны жазып едім – қабылдаған жоқ. Бөлімшеге бару керектігін жеткізді. Мен шақыру қағазын сұрадым, – деді Досанов.

Ертесінде Досановтың көлігін көшеде тоқтатқан. Учаскелік инспектор Бақытжан Нұрғазиннің сөзінше, белсендіге бағыттама шығарылған.

—Ол шақыруды алудан бас тартты, бұдан соң көліктен шығу туралы талапқа да құлақ аспады, яғни полиция қызметкеріне бағынған жоқ. Сондықтан әкімшілік хаттама толтырылды, материалды сот қарап жатыр, – деді инспектор.

Ал Елдос Досанов полицияның айыбымен келіспейді.

—Барлығын Facebook-та тікелей эфир кезінде айттым. 18 қазанда түс кезінде мені көшеден тоқтатып, шақыру қағазын берді. Мен оның дұрыс толтырылмағанын байқадым. Уақыты дұрыс көрсетілмеген екен, ол қолмен түзетілген. Дұрыс толтырылмаған шақыруды алудан бас тартқаным үшін енді мені полицияға бағынбады деп айыптап жатыр, – деді ол.

18 қазанда Елдос Досанов Семей қаласының Затон полиция бөлімшесіне барып, түсініктеме жазып, істі "ойдан құрастырылған" деп атаған. Ол жерде оны "полицияға бағынбау ісі" бойынша толтырылған хаттамамен таныстырмаған.

Учаскелік инспектор Бақытжан Нұрғазин Азаттыққа "митингіге шақыру бойынша" хаттама толтырылмайтынын айтты.

Елдос Досановтың соты 20 қазанда өтеді. Белсендіге 30 АЕК (103 500 теңге) көлемінде айыппұл немесе 15 тәулікке қамалуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG