Accessibility links

Туыстары 15 жыл іздестіріп, Қазақстаннан тапқан қырғыз отбасы еліне оралды


Қазақстаннан оралған қырғыз отбасы.
Қазақстаннан оралған қырғыз отбасы.

Кейінгі 15 жылда із-түссіз жоғалды деп саналып келген, жуырда Қазақстанның Жамбыл облысынан табылған Қырғызстан азаматтары ерлі-зайыпты Бақыт Рыскелдиев пен оның әйелі Элмира Тоқтасынова 19 қазанға қараған түні Қырғызстанға оралды. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне олардың туыстарының бірі Эльмира Рыскелдиева хабарлады.

«Қырғызстанның Алматыдағы консулдығына рахмет. Ағам шекарадан өткен уақытта «Қырғызстан» деп айқайлаған сәтте бәріміз жыладық. Енді ол анасымен, туыстарымен бірге болады» дейді Рыскелдиева.

Бұған дейін Азаттық туыстары 15 жыл бойы іздеген Бақыт Рыскелдиев пен Эльмира Тоқтосынова туралы мақала жазған.

Бақыттың әпкесі жақында олар Қазақстанның Жамбыл облысындағы ауылдардың бірінде табылғанын айтқан. Бақыт пен Эльмира сол ауылда қой баққан. Олар құжаты жоқ болғандықтан елге кете алмағанын, полиция үш рет арызын қарамай қойғанын айтқан.

15 жыл бұрын жоғалған жұптың туыстары Қырғызстан билігіне өтініш жасап, оларды елге қайтаруға көмектесуді сұраған. Бақытты үйінде 80 жастағы анасы күтіп отыр.

Қырғызстанның Алматыдағы консулдығы оларға құжат рәсімдеуге көмектескен. Елшілік олардың Қазақстанда құлдықта болмағанын ескерткен.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 35 мыңнан астам қырғызстандық тұрып жатыр. Бірақ бұл көрсеткіш әлдеқайда көп болуы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG