Accessibility links

Қаңтардан соң 15 жылға сотталған Нұрсұлтан Исаев Ақтөбе түрмесіне ауыстырылды


Қаңтар оқиғасынан кейін 15 жылға сотталған Нұрсұлтан Исаев сот залында. Ақтөбе, 14 қазан, 2022 жыл
Қаңтар оқиғасынан кейін 15 жылға сотталған Нұрсұлтан Исаев сот залында. Ақтөбе, 14 қазан, 2022 жыл

Қаңтар оқиғасынан кейін 15 жылға сотталған Нұрсұлтан Исаев Қостанайдан Ақтөбе түрмесіне ауыстырылды. Бұл туралы Азаттыққа Исаевтың әйелі Аида Хазеева хабарлады. Оның сөзінше, Нұрсұлтан Исаев Ақтөбедегі №8 түзету мекемесіне 8 қазанда түскен.

– Күйеуіммен кездестіруді өтініп, Қостанайға хабарласқанмын. Ондағылар Ақтөбе түрмесіне жіберілгенін айтты. Қазір Нұрсұлтан 15 күндік карантинде. Қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері карантин мерзімі аяқталған соң ғана кездесуге рұқсат беретінін айтты, – деді Аида Хазеева.

Қаңтар оқиғасынан соң «құқық қорғау органы өкілінің өміріне қол сұқты», «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деп айыпталған Нұрсұлтан Исаевқа сот 15 жыл түрме жазасын кескен. Исаев тағылған айыпты мойындаған жоқ.

Сот үкімі күшіне енгеннен кейін оны Қостанай қаласындағы №38 қауіпсіздігі жоғары түзеу мекемесіне жіберген.

Қазақстанның қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы кейбір заң актілеріне 2023 жылғы 17 наурызда өзгеріс енгізілген. Соған сай бұрын сотталмаған, жаза өтемеген азаматтарды қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі жоғары түзеу мекемесінен қауіпсіздігі орташа мекемеге ауыстыруға рұқсат берілген.

Аида Хазееваның сөзінше, заңға өзгеріс енгізілгеннен кейін Нұрсұлтан Исаев Қостанай сотына арызданып, қауіпсіздігі орташа мекемеге ауыстыруды өтінген. Сот Исаевтың арызын қанағаттанырған соң оны тұрғылық жері – Ақтөбеге жіберген.

– Нұрсұлтанның Ақтөбе түрмесіне ауысқанына қуанып отырмыз. Өйткені әкесі мүгедектігі бар адам. Баласын Қаңтар оқиғасынан кейін көрген жоқ, – деді Аида Хазеева.

Нұрсұлтан Исаев Ақтөбедегі қауіпсіздігі орташа №8 түзеу мекемесінде екенін Ақтөбе облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті де растады. Департаменттің мәліметінше, Исаев 23 қазанға дейді карантинде.

Исаевтың адвокаты Азамат Сағал қазір кассациялық шағым әзірлеп жатқанын айтты. «Біз Нұрсұлтан Исаевқа 15 жыл түрме жазасы берілгенімен келіспейміз. Сол себепті Жоғарғы сотқа, Конституциялық сотқа шағымданамыз» деді Сағал.

2023 жылғы 1 ақпанда Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қаңтар оқиғасынан кейін айып тағылған 18 адамға үкім шығарған. Судья Нұрлан Бақтығалиев Нұрсұлтан Исаевты "құқық қорғау органы өкіліне я әскери қызметкердің өміріне қол сұққаны" (380-1-баптың 2-бөлігі) және "жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны" (272-баптың 2-бөлігі) үшін айыпты деп танып, 15 жылға бостандығынан айырған. Исаевтың туыстары үкімге келіспей, апелляция алқасына шағымданған. 2023 жылғы 12 сәуірде апелляция алқасы Исаевтың үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Ресми мәлімет бойынша, Ақтөбеде Қаңтар оқиғасынан кейін 21 адамның үстінен қозғалған қылмыстық іс сотқа жеткен.

Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбеде екі адам қаза болған. Оның бірі Русланбек Жұбаназаровты билік әуелі "террорист" деп айыптап, кейін "кездейсоқ құрбан" ретінде оның отбасына "Қазақстан халқына" қорынан 7 млн теңге өтемақы берген. "Кездейсоқ құрбандар" тізіміне енген тағы бір ақтөбелік Файзулла Нұргелдинге Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиген. Ауыр жараланған ол екі айдан соң қайтыс болды.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасын біржақты тергеді, қаза болғандар мен азаптауға ұшырағандар ісі әділ қаралған жоқ деп сын айтқан.

Бұл тұжырымға келіспейтін ресми Астана Қаңтар оқиғасы бойынша істер заң аясында әділ қаралып жатыр деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG