Accessibility links

Семейде "Оян, қазақ" фильмінен кейін оппозиция белсендісі туралы айтқан тұрғын 7 күнге қамалды


Елдос Досанов сотта. Семей, 20 қазан 2023 жыл.
Елдос Досанов сотта. Семей, 20 қазан 2023 жыл.

20 қазанда Семей қаласының әкімшілік соты жергілікті тұрғын Елдос Досановты "полицияның заңды талабына бағынбағаны үшін" 7 тәулікке қамады.

4 қазанда Елдос Досанов "Оян, қазақ" фильмінен кейін кинотеатрда көпшілік алдында қамаудағы оппозиция белсендісі Марат Жыланбаев туралы айтқан. Осыдан кейін полицияның айтуынша, "оның үстінен әлдекім митингіге шақырды" деп полицияға арызданған.

17 қазанда Досановтың үйіне полиция қызметкерлері барып, түсініктеме жазуды талап еткен. Ал Досанов олардан полицияға шақыру қағазын көрсетулерін сұраған. 18 қазанда жол полициясының қызметкерлері көшеде оның көлігін тоқтатып, көліктен шығуын талап еткен. Досанов одан бас тартқан.

Сотта белсенді полиция қызметкері Бақытжан Нұрғазин дұрыс толтырылмаған шақыру қағазын бергенін айтты.

- Менің көлігімді 4-6 адам қоршап алды, мұндай нәрсе өмірімде болмаған еді - мен абдырап қалдым. Мен олармен сөйлесу үшін көліктің терезесін ғана аштым, көліктен шығудан бас тарттым, маған олар ештеңені түсіндірген жоқ. Әйнегіңді сындырамыз деп сес көрсетті, – деді Досанов сотта.

Ал учаскелік инспектор Бақытжан Нұрғазин Досановқа қойған талабының заңды болғанын, Досанов шақыру қағазын алмас үшін "жасырынып жүргенін" айтты.

Әкімшілік соттың судьясы Елдос Досановтың кінәсі толық дәлелденгенін айтып, оны 7 тәулікке қамады. Соттан кейін Досановты қарауыл қамау мекемесіне алып кетті.

Елдос Досанов – тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының мүшесі. Ол "өзіне қарсы әкімшілік іс саясиланды" деп санайды.

Құқық қорғаушылар Қазақстан аймақтарындағы ұстаулар мен қамауларды 25 қазанға жоспарланған митингімен байланыстырады.

XS
SM
MD
LG