Accessibility links

Қырғызстан Сириядан тағы 83 азаматын қайтарды, басым бөлігі – балалар


Сириядан жеткізілген қырғыз әйелдері мен балалары. Тамыз 2023 жыл.
Сириядан жеткізілген қырғыз әйелдері мен балалары. Тамыз 2023 жыл.

22 қазанда Сириядан Қырғызстанға арнайы бортпен 21 әйел және 62 бала жеткізілді. Бұл жөнінде Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, Сирияның солтүстік-шығысындағы лагерьлерден қырғыз азаматтарын елге жеткізу "Айкол-3" гуманитарлық миссиясы аясында жүзеге асырылған.

Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, қырғыз азаматтарын елге қайтару операциясына АҚШ, БҰҰ-ның Балалар қоры (ЮНИСЕФ) және Халықаралық Қызыл Крест ұйымы көмектескен.

«Айкөл» гуманитарлық миссиясының алғашқы кезеңі биыл ақпанда жүзеге асырылған. Сол кезде Қырғызстанға Сириядағы қақтығыс ошағынан 18 әйел мен 41 бала жеткізілген. "Айкол-2" миссиясы аясында тамызда Қырғызстанға 31 әйел және 64 бала жеткізілді.

2021 жылғы наурызда «Мейірім» гуманитарлық миссиясы аясында Қырғызстан Ирактағы 79 қырғыз баласын елге жеткізген. Ақпаратқа қарағанда, ол балаларды туыстары жағынан 32 отбасы асырап алған. Бұған дейін қамқоршылары мемлекеттен тиісті көмек ала алмай отырғанына шағымданған.

2013-2015 жылдары түрлі жолдармен радикал діни топтарға кіріп кеткен қырғызстандықтар көбейгені ресми түрде хабарланған. Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің 2018 жылғы мәліметінше, Сириядағы соғыс ошағына Қырғызстанның 850 азаматы барған, солардың 150-і сол жерде өлген.

Содан бері Сириядағы қақтығыс ошағында қанша қырғызстандық жүргені ресми түрде хабарланбады.

XS
SM
MD
LG