Accessibility links

Мемлекеттік дума депутаты Ресей халқының Путинге сенбейтін 20%-ын "жоюды" ұсынған


Генерал Андрей Гурулёв
Генерал Андрей Гурулёв

Ресей мемлекеттік думасына Қиыр Шығыстан "Единая Россия" партиясы арқылы сайланған депутат, генерал Андрей Гурулёв "ел президенті Путинге сенбейтін 20%-ды халықты" жоюды ұсынған. Ол мұнысын "Россия -1 телеарнасы" эфирінен мәлімдеген. Генерал "халықтың 80 %-ы мемлекет басшысын қолдап, соның төңірегіне топтасып отыр" деп санайды. Ақпаратты "Север Реалий" жазған.

"Қалған 20% шірікті қоғамнан оқшаулап тастау қажет, не жою керек", – дейді Гурулёв.

Депутат Ресейден кетіп қалған "сатқындар" мен әлі де Ресейде жүрген, бірақ Владимир Путинге сенбейтіндерді меңзеген. Гурулёв АҚШ президенті Джо Байденді, Германия канцлері Олаф Шольцті, Франция президенті Эмманюэль Макронды "сілімтік" деп атап, Путинді қолдағандай халықтың қолдауы олардың түсіне де кірмейтінін айтқан.

Мемлекеттік дума депутатының ашуланғанына "халықтың 18%-ы немесе 30 миллионға жуық адам Путинге сенбейді" дейтін сауалнама қорытындысы себеп болған.

Депутат 2024 жылы өтетін президент сайлауында Путин жеңеді деп есептейді. Бірақ Путин сайлауға қатысатынын хабарлаған жоқ.

Андрей Гурулёв – Ресейдің Оңтүстік әскери округі қолбасшысының бұрынғы орынбасары. "Новая Газета" жазуына қарағанда, оның жекеменшік "Вагнер" әскери компаниясымен тығыз байланысы болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG