Accessibility links

Қазан соты Азаттық тілшісі Құрмашеваны қамауға алды. Сот журналист "шетел агенті" ретінде тіркелмеді дейді


Алсу Құрмашева.
Алсу Құрмашева.

Татарстанның Қазан қаласындағы сот Азаттық радиосының Татар-Башқұрт қызметінің журналисі Алсу Құрмашеваны бір ай 17 күнге тергеу изоляторына қамады. Бұл туралы Идель.Реалии сайты хабарлады.

Журналистің адвокаты Эдгар Матевосян соттан Құрмашеваны қамамауды сұраған еді. Адвокаттың сөзінше, журналист тағылған айыпты мойындамаған. Құрмашева мен адвокаты сот шешіміне шағым түсірмек.

Сот отырысы жабық өтіп, журналистер кіргізілмеді.

Ресей Алсу Құрмашеваны өзі келіп, "шетел агенті" деп тіркелмеді дейді. Бұл айып бойынша айыппұл, қоғамдық жұмыс я бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ресейдің әділет министрлігі Алсу Құрмашеваны "шетел агенті" тізіміне қоспаған еді. Ал тергеу журналистің өзі келіп, әділет министрлігіне "шетел агенті" деп тіркеуді сұрау керек деп отыр.

"Бүгінгі сот шешімі көңілімізді қалдырды. Алсу отбасына оралу үшін дереу босатуға шақырамыз" деді Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясы президенті міндетін атқарушы Джеффри Гедмин.

Алсу Құрмашева – АҚШ пен Ресей азаматы. Прагада күйеуі және екі баласымен тұрып келген. Биыл 20 мамырда Ресейге отбасы жағдайына байланысты барған. Ал 2 маусымда Чехияға рейс күтіп отырғанда ұсталған. Әуежай қызметкерлері Құрмашеваның екі паспортын да алып қойған. Кейін журналиске АҚШ азаматы ретінде Ресей органдарына тіркелмеді деп айыппұл салған. Ал 18 қазанда Ресей оған жаңа айып тақты.

Құрмашева – Татарстан мен Башқұрстандағы аз ұлттардың мәселесін көтеріп жүрген тәжірибелі журналист. Ол Ресей билігінің татар тілі мен татар мәдениетіне қысымын, татар тілі мен мәдениетін қорғау үшін жасалған бастамалар туралы көп мақала жазған.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы Ресейде 2017 жылы "шетел агенті" деп танылған. Ал Құрмашева бұл тізімге енбеген еді.

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы Ресейден Алсу Құрмашеваны дереу босатуды талап етті.

"Журналисті қамау арқылы Ресей Украинаға өзін қорғауға көмектесіп жатқан АҚШ-қа шантаж жасап отыр. Бірақ журналистер Мәскеу мен Киев арасындағы соғыста мұндай құралға айналмауы керек. Алсу Құрмашеваның ұсталғанын айыптаймыз және оны дереу босатуды талап етеміз" деді ұйымның Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша бөлімінің басшысы Жанна Кавелье.

Құрмашеваның босатылуын PEN America мен Журналистерді қорғау бойынша комитет те талап етті.

"Журналистер қылмыскер емес. Ал Құрмашеваның ұсталуы – Ресейдің тәуелсіз журналистиканы басып-жаншып жатқанына тағы бір дәлел" деді Журналистерді қорғау комитетінің Еуропа және Орталық Азия бойынша координаторы Гүлноза Саид.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG