Accessibility links

Қарағандыда "ұлттық алауыздық қоздырды" деген күдікті екі айға қамалды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.
24 қазанда Қарағанды соты 32 жастағы жергілікті тұрғынды "ұлттық алауыздық қоздырды" деген күдікпен екі айға қамау туралы шешім шығарды.
14 қазанда полиция желіде "Қазақстанда орыстарды өлтіру керек, мұсылмандықты қабылдамағандарды адам деп есептемейтінін айтқан" видео авторын ұстағанын мәлімдеген.
Күдіктінің аты-жөні айтылмайды. Бірақ Kozachkov offside telegram-каналының мәліметінше, күдікті Павлодар облысының тумасы Мейірбек Мукин деген адам. Ол осыған дейін қарақшылық үшін сотты болған.
Биыл Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 174-бабына онлайн-платформаны пайдаланып араздық туғызатын мәлімдеме үшін жауапкершілік енгізген (бұған дейін БАҚ пен телекоммуникация желілері арқылы алауыздық тудыру болған – ред.). 10 қыркүйектен бастап заң күшіне енген.

Осыған дейін халықаралық ұйымдар "174-баптың бұлыңғыр тұстары көп, мұны әртүрлі пиғылда пайдалануға болады" деп сынап келген. Кейінгі бірнеше жылда Қазақстанда ондаған белсенді, блогер, түрлі діни қауымдастық өкілдері аталған бап бойынша сотталған.

Қазақстанда желіде "ұлттық алауыздық қоздыру" бабы бойынша алғашқы сот процесі құқық қорғаушылардың айтуынша, 2015 жылы өткен. Алматы тұрғыны Татьяна Шевцова-Валова Facebook-тағы жазбалары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ақпаратқа қарағанда, бірнеше қолданушы оның жазбалары "адамдарды ұлтқа қарай алалайды және намыстарына тигенін" айтып шағымданған. Ал Татьяна Шевцова-Валова сотта дау тудырған жазбаларды өзі жазбағанын, өзінің атынан басқа біреулер аккаунт ашқанын айтқан.

XS
SM
MD
LG