Accessibility links

Қырғыз парламенті "шетел өкілдері" туралы заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады


Қырғызстан парламентінің ғимараты.
Қырғызстан парламентінің ғимараты.

Қырғыз парламентінің 25 қазандағы отырысында депутаттар «шетел өкілдері» туралы заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады.

Бастама авторы Надира Нарматова баяндамасынан соң сөйлеген парламент спикері Нұрланбек Шәкиев шетел делегациясымен кездесуде «заң жобасы коммерциялық емес ұйымдар үшін қауіпті емес екенін» түсіндіргенін мәлімдеді.

«Ешқандай тыйым, қысым болмайды, тек қана есеп беру талап етіледі. Қорқудың қажеті жоқ. Ел қауіпсіздігі бірінші кезекте тұр» деді спикер.

Содан кейін ол құжатты бірінші оқылымда қабылдауды ұсынды. Депутаттардың кейбірі сұрақ қойған. Гуля Қожоқұлова коммерциялық емес ұйым қызметіне қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік тағайындауға қарсы шығып, заң жобасына сараптама жасалмағанын алға тартты. Ерұлан Коқұлов спикерден құжат авторы емес адам шетел делегациясымен неге кездесіп жүргенін сұрады. Спикер заң жобасын қолдаймын деп жауап берді.

Дауыс беру кезінде 52 депутат құжатты қолдаса, жеті депутат қарсы шыққан.

«Шетел өкілдері» туралы заң жобасын 2022 жылы Жогорку Кеңеш депутаты Надира Нарматова ұсынған. Құжатқа сәйкес, шетелден қаржы алатын және саяси қызмет атқаратын коммерциялық емес ұйымдар «шетел өкілдері» деп танылады. Мұндай ұйымдар қосымша есеп тапсыруы тиіс. Оларды жоспардан тыс тексеруі де мүмкін. Заң бұзғандарға айыппұл салынады немесе бес жылға дейін сотталады. Заң бұзу қайталанған жағдайда 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

«Әділет» заң клиникасы заң жобасына сараптама жасап, бұл құжат Конституция мен халықаралық құқық ережелеріне қайшы екенін анықтаған.

Халықаралық ұйымдардың бірқатары, жергілікті медиақауымдастық пен кәсіпкерлер қауымдастығы биліктен осы заң жобасын қабылдамауды сұраған. Еуропарламент те Қырғызстан билігін «шетел өкілдері» туралы заң жобасынан бас тартуға шақырып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG