Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты "қарауылға пара берді" деп айыпталған Әбілхан Боранбаевқа үкім шығарды. Әбілхан Боранбаев бұған дейін сотталған кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың немере інісі деп айтылады.
Соттың хабарлауынша, айыпталушы Әбілхан Боранбаев Қ. және Ш. есімді жедел уәкілдерге 1,6 млн теңгеден астам пара берген. Өз кезегінде олар тергеудегі Б. есімді адамды алып жүрген кезде "мобильді байланыс, кездесу, спиртті ішімдіктерді пайдалану арқылы" оның үшінші тұлғалармен заңсыз байланыс жасауына жағдай жасаған. Сот хабарламасында ешкімнің аты-жөні толық аталмайды. Сот үкімі 19 қазанда шыққан.
Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, қарауылдар кәсіпкер Қайрат Боранбаевты тергеу изоляторынан шараға апарған.
Астана қалалық сотының баспасөз қызметі Азаттыққа пара бойынша айыпталған адам Әбілхан Боранбаев екенін, ал сот хабарламасындағы "тергеудегі Б. есімді азамат" кәсіпкер Қайрат Боранбаев екенін растады.
Сотқа сүйенген жергілікті БАҚ-тың жазуынша, "Дәурен Қазбек пен онымен істес болған адам (тергеу кезінде өлген) Әбілхан Боранбаевтан 1,6 млн теңге пара алған".
Сот Дәурен Қазбекті 7 жылға бас бостандығынан айырып, өмір бойы мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік компанияларда жұмыс істеу құқығынан айырған.
Ал Әбілхан Боранбаев 4,5 жыл түрмеге кесілген. Сот оның "төрт баласы барын, қылмысты ашуға белсене атсалысқанын, кінәсін мойындап өкінгенін" ескерген. Сот үкімі бойынша ол өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істей алмайды.
Сот үкімі күшіне енбеген. Әбілхан Боранбаев пен бұрынғы қарауылдардың өкілдері сот үкіміне жария түрде реакция білдірмеді.
Өткен аптада экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасымен байланысты кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың түрме жазасы шектеу жазасына алмастырылғаны белгілі болған.
Бұл ақпарат шықпай тұрып мемлекеттік органдар бірнеше апта бойы Боранбаев ірі активтерін мемлекетке қайтарып жатқанын оқтын-оқтын хабарлап отырды. Мемлекет меншігіне қайтарылған нысандар мен активтер арасында Астанадағы қонақ үй кешені, фитнес-орталықтар, мұнай өндіру компаниясы, Қазақстанның батысындағы мұнай кеніші бар. Кәсіпкер "елдің білім беру саласындағы инфрақұрылымын қолдауға 30 млрд теңге бөлгені" хабарланған.
Биыл қыркүйекте Астана қаласының апелляциялық соты Боранбаевтың мүлкін тәркілеп, алты жылға соттап, жалпы режимдегі колонияға жіберген. Оның алдындағы сот оны "ірі көлемде бөтеннің мүлкін иемденді", "қылмыстық жолмен алынған ақшаны жымқырды" деп танып, 8 жылға соттаған.
Қайрат Боранбаев бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасындағы адамдар қатарына кірген. Оның қызы Әлима Боранбаева экс-президенттің жиен немересі Айсұлтан Назарбаевқа тұрмысқа шыққан.
Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен оның айналасындағы адамдар бақылаушылардың пікірінше, ықпалынан айырыла бастаған. Экс-президенттің туыстары жоғары лауазымды қызметтерінен алынып, кейбірі қамалып, сотталған. Арасында Қайрат Боранбаев та бар. Ол 2022 жылы наурызда "квазимемлекеттік сектордан ірі көлемде ақша жымқырды" деген күдікке ілінген. Оған QazaqGaz ұлттық компанияның газын сату бойынша келісімнен түскен шамамен 14,6 млрд теңге қаражатты жымқырды деген айып тағылған.