Accessibility links

Үкімет қорғаныс министрлігіне тиесілі 117 ұшақтың бастапқы құнын екі есе төмендетті


Қорғаныс министрлігі сатуға шығарған әскери ұшақ.
Қорғаныс министрлігі сатуға шығарған әскери ұшақ.

26 қазанда Қазақстан үкіметі 117 әскери ұшақтың бастапқы құнын екі есе төмендетіп қайта сатуға шығарды. Электрондық сауда алаңындағы дерек бойынша, ұшақтардың бірінші саудасы өтпей қалған.

Ресми ақпарат бойынша, қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімдерге тиесілі ұшақтарды сатып алуға ешкім өтініш білдірмеген.

Мемлекеттік мекемелерге тиесілі қару-жарақты сатумен айналысатын "Қазарнаулыэкспорт" 26 қазанда тендерді қайта жариялады. Бұл жолы Алматы облысындағы 65229 әскери бөліміне тиесілі 81 ұшақтың бастапқы бағасы 509,8 миллион теңге деп бекітілген. Бірінші саудада оның құны 1 миллирад теңге болған. Утилизация құнын да "ААР – Эдвайзори энд Рисерч" компаниясы солай бағалаған.

Семейдегі 54835 әскери бөліміне тиесілі 10 ұшақтың (МиГ-31) бастапқы бағасы 179, 1 миллион теңгеге түсті. Бірінші саудада 398,3 миллион теңгеден басталған.

Шымкенттегі 55652 әскери бөліміне тиесілі 15 ұшақтың (МиГ-29) бастапқы бағасы 97,4 миллион теңге деп бағаланған. Бұған дейін 194,8 миллион теңге болған.

Қарағандыдағы 50185 әскери бөліміне тиесілі 11 ұшақ (МиГ-31) 115, 2 миллион теңгеге түсті. Бірінші саудада 230,5 миллион теңге болған

Екінші сауда жарияланбай тұрып, Азаттықпен сөйлескен "Қазарнаулыэкспорт" мекемесінің қызметкері "баға ұсынуға болатын тендер үш рет жарияланады, үшіншісінде де өтпесе, жалғыз қатысушымен келісімшарт жасалады" деді. Тендерге баға ұсынған қатысушылар саны екіден аз болса, ол өтпеген болып саналады.

Тендер шарты бойынша, қатысушының қару-жарақты утилизация жасай алатыны және металлмен жұмыс істейтіні туралы рұқсат қағазы болуы керек.

"Ұшақтар қайта құрастырылмайтындай етіп бөлшектеледі. Сонда ғана бөлім сыртына алып шығуға рұқсат беріледі" деді "Қазарнаулыэкспорт" мекемесінің қызметкері.

Бағалау қорытындысында бұл ұшақтардың өте қатты ескіргені, пайдалануға, кәдеге жаратуға келмейтіні, қайта жөндеуге жіберсе экономикалық тұрғыда шығыны тым көп болатыны айтылған. Сондай-ақ құжатта "ұшақ бөлшектерін қосалқы мақсатта пайдалану да мүмкін емес" делінген.

Бірінші сауда туралы хабарлама 11 қазанда жарияланған. Екінші сауда 10 қарашаға дейін жалғасады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG