Accessibility links

АҚШ Сирияда Иранға қатысы бар екі нысанды атқылады


АҚШ Сирияның шығысындағы екі нысанды әуеден соққылады. Пентагонның мәліметінше, нысандарды Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы мен соған қатысы бар өзге де топтар пайдаланады.
АҚШ қорғаныс министрлігінің сайтындағы мәліметке қарағанда, кейінгі аптада Сирия мен Ирактағы америкалық әскери базаларға жасалған шабуылдардан соң екі нысанға соққы жасау жөнінде шешім қабылданған.
"Бұл дәлдікпен жасалған соққылар өзін-өзі қорғау мақсатында жасалды және 17 қазаннан бері Иранмен байланысы бар топтардың Ирак пен Сириядағы Америка әскеріне қарсы жалғасып келе жатқан, негізінен сәтсіз шабуылдарына жауап" деді Пентагон басшысы Ллойд Остин.
Пентагон басшысы Ллойд Остиннің мәлімдеуінше, соққы жасауға АҚШ президенті Джо Байден рұқсат берген.
BBC агенттігінің жазуынша, мұның алдында Байден Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеиге Таяу Шығыстағы Америка базаларының атқылануына қатысты ескерту жасаған.
Пентагон бұл соққы Ирак пен Сириядағы Америка жауынгерлерін қорғау мақсатында жасалғанын атап өтті. Соққының Израиль мен ХАМАС арасындағы жанжалға қатысы жоқ.
Кейінгі аптада АҚШ пен оның одақтастарының Ирактағы күштеріне – кем дегенде 12 рет, ал Сириядағы күштеріне төрт рет шабуыл жасалған. Шабуылдан 20-дан астам америкалық жауынгер жараланған. Пентагон мәліметінше, бұл шабуылдарға Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы көмектескен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG