Accessibility links

Израиль армиясы Газа секторында екінші рет түнгі рейд жүргізді


ХАМАС кепілдікте ұстап отырған 224 адамның суреті бар Иерусалимдегі инсталляция, 26 қазан 2023 жыл.
ХАМАС кепілдікте ұстап отырған 224 адамның суреті бар Иерусалимдегі инсталляция, 26 қазан 2023 жыл.

Израиль армиясы Газа секторында ХАМАС тобына соққы жасау үшін екінші рет түнгі рейд жүргізді.

Әскердің есебінше, рейдке жаяу әскер, инженерлік-саперлік және танк топтары, дрондар мен тікұшақтар қатысты. Израиль армиясы ХАМАС тобының нысандарына, соның ішінде зымыран ұшырылатын орындар мен командалық штабтарға соққы жасағанын мәлімдеді. Рейд кезінде ХАМАС-тың бірнеше өкілі өлтірілген.

Бір күн бұрын Мәскеуге барған ХАМАС тобының өкілі "Коммерсантъ" газетіне сұхбатында Газадағы тұтқындарды босату үшін оларға "жағдайдың тыныш" болғаны керек екенін айтқан. Израиль армиясының мәліметінше, ХАМАС содырлары шамамен 224 адамды кепілдікте ұстап отыр.

"Коммерсантъ"-қа сұхбат берген ХАМАС өкілі кепілдіктегі адамдарды түрлі палестиналық топтар ұстап отырғанын, оларды тұтқыннан босату үшін әуелі табу керектігін алға тартқан.

ХАМАС пен "Исламдық жихад" тобының шабуылынан Израильде 1400-ге жуық адам қаза болды. Израильдің ХАМАС бақылауындағы Газа секторына жасаған қарымта шабуылынан бес мыңнан астам адам қаза тапты. Екі жақта шамамен 20 мың адам жараланған.

Израильдің Эйлат қаласына жақын орналасқан Египеттің Таба қаласында алты адам зардап шекті. 27 қазанда таңертең қаладағы медициналық мекеменің жанына дрон құлап, жарылған. Al Qahera News хабарынша, зардап шеккендер ауруханаға жатқызылмаған, бірақ оларға медициналық көмек көрсетілген.

XS
SM
MD
LG