Accessibility links

АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Майк Пенс кандидаттар қатарынан шығып қалды


АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Майк Пенс республикалық партиядан президенттікке үміткер болу додасынан шыққанын жариялады.

"Бұл менің уақытым емес" деді сенбі күні Лас-Вегаста еврейлердің республикалық коалициясы мүшелері алдында сөйлеген Майк Пенс.

Жиналғандар оның мұндай мәлімдемесін күтпеген. Олар Пенсті қолдап, қол шапалақтады.

Майк Пенс Дональд Трамп әкімшілігі кезінде вице-президент болған. Ол 2020 жылғы сайлауда жеңілген Трамптың "сайлаудағы бұрмалаушылықтар" туралы мәлімдемесін қолдамаған. Сол үшін оны Трамп пен жақтастары қатаң сынаған.

Пенс президент сайлауына кандидаттығын ұсынатынын 2023 жылы маусымда жариялаған. Ол консерваторлардың қолдауына ие боламын деп үміттенген, себебі өзге мәселелермен қатар түсік жасату құқығына қарсы болған және көші-қон саясатын қатаңдатуды қолдаған. Алайда соған қарамастан тиісті дәрежеде демеуші тарта алмаған. Қоғамдық пікірді зерттейтін сауалнама қорытындылары да оны қолдайтындар аз екенін көрсеткен.

Сайлауалды кампаниясы кезінде Киевке барып, Украинаны қолдауды жақтаған Пенс бұған дейін саясаттан кетпейтінін айтқан. Алайда республикашылдар арасында қандай да бір кандидатты қолдайтыны жөнінде тіс жармаған. Бұған дейін ол Трампты қолдамайтынын жеткізген.

Трамп республикашылдар жағынан президенттікке ұсынылған кандидаттар арасында фаворит болып қалды. Пенс кандидаттар қатарынан алынғаннан кейін Рон ДеСантис пен Никки Хейли Трамптың күшті қарсыластарына айналды.

XS
SM
MD
LG