Accessibility links

Астанада Жыланбаевқа бостандық талап еткен екі белсенді 15 күнге қамалды


Марафоншы әрі белсенді Марат Жыланбаевтың соты. 30 қазан 2023 жыл.
Марафоншы әрі белсенді Марат Жыланбаевтың соты. 30 қазан 2023 жыл.

30 қазанда Астанадағы сот белсенділер Әсер Оңланбекқызы мен Жәнібек Жүнісовті 15 күнге қамауға алды. Бұл туралы Veritas kz құқық қорғау тобы хабарлады.

Құқық қорғаушылардың ақпаратынша, екі белсенді "бейбіт жиын өткізу ережесін бұзды" деп айыпталған. Сотқа Жүнісов пен Оңланбекқызының "Алға, Қазақстан!" тіркелмеген оппозициялық партиясының лидері және марафоншы Марат Жыланбаевты қолдап, 7 қазандағы жүгіруге қатысқаны себеп болған.

Кеше, 30 қазанда Жүнісов Facebook парақшасында Марат Жыланбаевтың ісі бойынша соттың алдын ала тыңдауынан тікелей эфир жүргізген. Кейін судья бұл іс бойынша отырыс жабық өтетін жариялаған.

Оңланбекқызына қатысты сот қаулысында "7 қазан таңертеңгі 8 шамасында Оңланбекқызы "Марат Жыланбаевқа бостандық" деген жазуды ұстап, "саяси тұтқындарға бостандық" деп ұрандатып, қоғамдық шараға қатысқан. Шараға қатысушылар әкімдікке жиын туралы ескерпеген" деп жазылған.

Сот белсендінің "әрекетіммен ешқандай заң бұзған жоқпын" деген сөзін ескермеді.

Жүнісовке қатысты қаулы соттың сайтында жарияланбады. Астана сотының баспасөз қызметі Азаттыққа "ондай іс жоқ" деді.

Ертең, 1 қарашада Қазақстанға Франция президенті Эммануэль Макрон ресми сапармен келмек.

Veritas kz хабарламасында Франция президентінің сапары алдында Қазақстан билігі "адам құқығын бұзып, Жүнісов пен Оңланбекқызын қамап, Марат Жыланбаевтың сотын жабық өткізу туралы шешім қабылдады" деп жазады.

Белсенді Әсет Әбішев Азаттыққа "азаматтық белсенділер Астанада Франция президентімен кездескісі келетінін жариялаған соң оларға қысым күшейгенін" айтады.

— Кеше кешкісін құқық қорғау органдарының тарапынан психологиялық қысымды сездім. Дүкенге шыққанымда кемі 15 адам үйге жеткенімше жан-жақтан "күзетіп" тұрды, - дейді Әбішев.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG