Accessibility links

Шымкентте тергеу кезіндегі кісі өлімі бойынша сотталған төрт полицейдің екеуінің жаза мерзімі қысқарды


Шымкент полиция департаментінде тергеу кезінде қаза тапқан Нұрболат Жұмабаев. Жеке архивтегі фото.
Шымкент полиция департаментінде тергеу кезінде қаза тапқан Нұрболат Жұмабаев. Жеке архивтегі фото.

Шымкент қалалық соты қалалық полиция департаментіне тергеуге жеткізілген 30 жастағы Нұрболат Жұмабаевты "азаптап өлтірді" деген айыппен сотталған төрт полицейдің екеуінің жаза мерзімін қысқартты. 31 қазанда шыққан сот шешіміне жәбірленуші тарап келіспейді.

Апелляциялық сот "билікті асыра пайдаланды" (362-бап) және "адам азаптады" (146-бап) деп айыпталып, 7 жылға түрмеге жабылған Уәлихан Жәнібековтің жаза мерзімін 3 жыл 6 айға қысқартты. Сот Жәнібековтің жаза мерзімін "адам азаптады" деген айыбымен байланыстырған. Сот тергеуі оның Жұмабаевты топ адаммен бірге емес, жеке азаптағанын анықтаған.

Дәл осы баптармен айыпталған Дінмұхаммед Исаев сот залынан босатылды. Исаев "билікті асыра пайдалану" бабы бойынша ақталды. Сот бұл баппен айыптайтындай "оның іс-әрекетінде қылмыстық құқықбұзушылық жоқ" деп тапты. Ал "адам азаптады" деген айыппен 3 жыл 6 айға сотталған деп есептелгенімен, "онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру жолымен Исаевқа түпкілікті тағайындалған жазаның күші жойылған".

Дәулет Аймешов пен Әлішер Өткіровке қатысты бірінші инстанциядағы сот үкімі өзгеріссіз қалды.

"Заңсыз шешім шығарды. Келіспейміз. Жоғарғы сотқа шағымданамыз", – деді жәбірленушінің адвокаты Талғат Есімов Азаттыққа.

30 маусымда Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "билікті асыра пайдаланды" және "адам азаптады" деген айыппен Дәулет Аймешовті – 7 жыл 6 айға, Уәлихан Жәнібековті – 7 жылға, Дінмұхаммед Исаевты – 3 жыл 6 айға, "азаптау" бабымен күдікке ілінген Әлішер Өткіровті 2 жылға бостандығынан айырған. Сонымен бірге төртеуінің құқық қорғау органдарының басшылық қызметінде жұмыс істеу құқығын 3 жылға дейінгі мерзімге шектеген.

Аймешов, Жәнібеков пен Исаев – полиция полковнигі шенінен, Өткіров полиция подполковнигі шенінен айырылған. Төртеуі де оқиғадан кейін жұмыстан босатылған. 2021 жылғы 27 желтоқсанда тұтқындалған.

Сотталушылар тағылған айыпты мойындамай, өздерін ақтауды сұраған. Полиция ғимаратында өлтірілген Нұрболат Жұмабаевпен бірге ұсталып, "азапталғанын" мәлімдеген Сергей Петров "кешірмеймін, барынша ауыр жаза қолдануды сұраймын" деген.

Қостанай қаласының тұрғыны, 30 жастағы Нұрболат Жұмабаев 2021 жылғы 8 желтоқсанда Шымкент қалалық полиция департаментіне көлік ұрлығына күдікті ретінде тергеуге жеткізіліп, сонда қайтыс болған. Марқұмның сүйегін көрген туыстары "оны ұрып өлтірді" деп полицияны айыптаған. Полиция департаменті басшылығы жоққа шығаруға тырысқан.

Жұмабаевтың сүйегін зерттеген медициналық сараптама қорытындысында марқұмның қазасына үш жайт: "шок", "ұйқы безіне қан кету" және "ішінен алған жарақат" әсер етуі мүмкін деп көрсетілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG