Accessibility links

Қарағандылық белсенді "сот үкімін орындамағаны үшін" қамалды


Қарағандылық белсенді Асқар Нұрмағанов
Қарағандылық белсенді Асқар Нұрмағанов

2021 жылы "тыйым салынған ұйымның ісіне араласқаны үшін" сотталған қарағандылық белсенді Асқар Нұрмағанов 25 қазан күні өтпей қалған "оппозиция митингісі" қарсаңында "сот үкімін орындамау" бабы бойынша 5 тәулікке қамалған.

Істі Қарағанды қаласының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 23 қазанда кешке қараған. 55 жастағы белсенді адвокат талап еткен, алайда сот қорғаушысыз өткен.

Бес күн әкімшілік қамау жазасын ол Қарағанды полициясының арнайы қабылдау орнында өтеген. Ал сот қаулысы 1 қарашада қолына тиген.

Сот Асқар Нұрмағановты 11 қазанда Астанадағы "Алға, Қазақстан" партиясының жақтастарының акциясына қатысты деп таныды.

Соттың айтуынша, екі жыл бұрынғы үкім бойынша "қоғамдық-саяси қызметпен айналысу құқығынан айырылған" Нұрмағанов акцияға қатысу арқылы "үкім шарттарын бұзған".

Оған тағайындалған 1.5 жыл шектеу жазасының мерзімі 2022 жылы аяқталған. Алайда белсендінің сөзінше, "кез келген" саяси митинг алдында тіпті ол баруға оқталмаса да қамалған немесе ұсталып отырған.

Асқар Нұрмағанов сот шешімімен келіспейді. Ол өзін саяси себеппен қудалады деп санайды.

- Мені кезекті рет бес күнге қамап жатыр. "Алға, Қазақстан" партиясын қолдауға барды дейді. Мені саяси себеппен қудалап жатқаны баяғыдан түсінікті. Көптеген азаматтық белсендіні қудалап жатыр. Сондықтан бізде "Жаңа Қазақстан" жоқ. Заңбұзушылық жалғасып жатыр, – деді Азаттыққа Асқар Нұрмағанов.

Құқық қорғаушылардың мәліметінше, 25 қазан күні қарсаңында шамамен 30 адам ұсталып, әкімшілік қамауға алынған. 25 қазанда Қазақстан қалаларында қауіпсіздік күшейтілген. Ұсталғандардың көбі – "Алға, Қазақстан" партиясын құру жөніндегі топ белсенділері.

Аталған топ былтырдан бері "Алға, Қазақстан" партиясын тіркеуге күш салып келеді, бірақ әділет министрлігі олардың өтініштерін қабылдамаған. Министрлік партияны "саяси себеппен тіркемей отыр" деген тұжырыммен келіспейді. Партияның жетекшісі Марат Жыланбаев мамырдан бері Астананың тергеу изоляторында қамауда отыр. Ол "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" және "экстремистік ұйымды қаржыландырды" деген күдікке ілінген. Судья Жыланбаевтың сотын бастала сала жабық етті.

XS
SM
MD
LG